Гонконгте көп қабатты ғимаратта сәрсенбі күні өрт шығып, оның жоғарғы бөлігінде шамамен 350 адам қалып қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Dimsum Daily жаңалықтар порталына сілтеме жасап.
Порталдың хабарлауынша, осы сағатқа дейін 165 адам ғимараттан эвакуацияланған. Жүзге жуық адам бесінші қабаттағы ашық платформада, 350 адам шатырда қалған.
Соңғы деректер бойынша, сегіз адам зардап шеккен.
Өрт Гонконг аралындағы Козуэй-бэй ауданында орналасқан Дүниежүзілік сауда орталығының (World Trade Center) ғимаратында түскі үзіліс кезінде тұтанған. Бұл туралы алғашқы хабар 12:37-де түскен. Қазіргі кезде өрт сөндірушілер өртті бес деңгейдің ішінде үшіншісіне бағалап отыр.
38 қабатты мұнараның төменгі бөлігінде дүкендер мен мейрамханалар, ал жоғары бөлігінде кеңселер орналасқан. Жерасты тұрағынан бесінші қабатқа дейін жөндеу жұмыстарына байланысты жабық болған, аталған қабаттардағы сауда нүктелері жұмыс істемеген. Келушілер үшін алтыншы қабаттан 13-қабатқа дейінгі мейрамханалар, сонымен қатар 14-қабаттан 38-қабатқа дейінгі кеңселер ашық болған.
Өрт бірінші қабаттағы техникалық бөлмеде тұтанған болуы мүмкін, ол жерден жалын құрылыс ағаштарына қарай өткен.