ESPN телеарнасының инсайдері Сальвадор Родригес қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен қарсыласы жапон спортшысы Риота Мурата (16-2, 13 КО) арасындағы жекпе-жектің қайда өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sports.kz.
«Бұл айқас Жапониядағы Tokyo Dome аренасында өтуі мүмкін», — деді Родригес.
Бұған дейін ол Головкин мен Мурата командалары келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын. Алайда жапон боксшысы мұндай салмақты қарсыласпен кездеспес бұрын алдымен «қыздырынатын» жекпе-жек өткізгісі келеді.
Еске сала кетейік, Мурата WBA Super нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионы болса, Головкин – IBF және IBO белбеулерінің иегері. Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйегінде өтуі мүмкін Геннадий Головкин - Сауль «Канело» Альварес жекпе-жектері трилогиясының соңғы бөлімі туралы әңгіме басылар емес. Ол үшін Головкиннің мексикалық Хайме Мунгиямен жекпе-жекте сәтті өнер көрсетуі қажетті шарт болып отыр. Аталған айқас шамамен мамыр айына жоспарланған.