Америкалық Boxingnews24.com сайтының журналисі Джастин Грэмнің пікірінше, Геннадий Головкинге Дэниел Джейкобспен қарымта кездесу өткізудің еш қажеті жоқ. Неге?
Головкиннің жасы келіп қалды, ол енді тек орта салмақтағы чемпиондық белбеу иелерімен кездесуі керек деп есептейді сарапшы. Оның сөзін қазақстандық sports.kz басылымы келтіреді.
«Егер GGG маусымда немесе қыркүйекте Джейкобспен қайта шықса және жеңіліп қалса, Головкинге дос еместердің мерейі үстем болады. Ал Канело Альварес жекпе-жектен бас тартуы ықтимал. Ал егер Головкин американды 12 раундтан кейін төрешілер шешімімен жеңсе, ол үшін құрметке ие болмайды.
8 сәуірде Головкин 35 жасқа келеді. Спорттың кез келген негізгі түрінде 35 жас кәрілік болып саналады. Бокста физикалық күшпен қатар психологияның мықтылығы да маңызды. Алайда, аса жоғары деңгейдегі қарсыласпен шыққанда жас айырмасы да айтарлықтай рөл атқарады. Бұған Геннадийдің Дэннимен кездесуі кезінде куә болдық.
Головкин мұны естен шығармауы және жасы келген сайын әр кездесуді әбден таразылап барып таңдауы керек.
GGG Джейкобсты таза ұрып алды. CompuBox статистикасы бойынша, Головкиннің дәл тиген соққылары Джейкобспен салыстырғанда 56-ға көп болған. Яғни, раунд сайын 4-5 соққы. Головкиннің Джейкобсті нокдаунға жібергенін және бүкіл кездесуде агрессивті қимылдағанын ұмытпау қажет. Ендеше бұл жекпе-жекте еш ойланбастан жеңісті 115-112 немесе тіпті 116-111 есебімен қазақтың пайдасына беруге болады.
Головкин тарихта ең мықты боксшылардың бірі ретінде қалғысы келсе, онда орта салмақтағы титулдардың бәрін иеленуі керек. Соңғы 35 жылда үш боксшы ғана бұл категориядағы негізгі белбеулерді алды. Олар: Марвин Хаглер, Бернард Хопкинс және Джермейн Тейлор (ол 2005-те Хопкинсті жеңген болатын).
Егер Головкин WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Джо Сондерсті жеңіп, белбеуін иеленсе, одан кейін Сауль Альвареспен кездесіп, ұтар болса, онда жаңағы рекордты жаңартып, орта дивизиондағы барлық белбеулерді біріктірген болар еді. Онда GGG бүкіл бокс тарихындағы ең үздік үштікке кіреді.
Осындай статусқа жеткісі келсе, Головкин үшін Джейкобс сияқты боксшылармен реванш өткізуге уақыт жоғалтпауы керек. Ал Джейкобсты ол таза жеңген болатын» дейді Джастин Грэм.