28 нау, 2017 сағат 10:01

Головкин сыр бере бастаған секілді - Ермаxан Ыбрайымов

Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобс жекпе-жегіне қатысты өз пікірін білдірді.

Бұл ретте Ыбрайымов нокаутсыз 12 раундқа дейін өткен кездесудің нақты екі себебін айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Біріншіден, соңғы кезде Геннадийге қарсы шығатын боксшы табылмай кетті, жоқтың қасы деуге болады. Сосын оны "монстр" - бәрін жапырып тастайтын боксшы ретінде көп көрсетіп кетті. Дәл осы мифті сейілтіп, қарсыластардың қорқынышын азайту үшін ол барлық 12 раунд бойы бокстасты. Екіншіден, ерте ме, кеш пе, уақыт өзінікін алады. Геннадий Головкин қазір 34-те, биыл 35-ке келеді. Қанша айтсақ та, адамның жылдамдығы бәсеңдейді, күші сарқылады. Меніңше, уақыт та болған сияқты. Адамның ресурстары шексіз емес қой", - деді Ыбрайымов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның ойынша, Геннадий Головкинге соңғы белбеуді (қазіргі иесі - британдық боксшы Сондерс) алғаннан кейін Сауль "Канело" Альварестің артынан көп жүгіре бермей, келесі салмақ дәрежесіне ауысу қажет. Себебі ол жақта қызықты әрі тартысты жекпе-жектер көп.

Еске салайық, Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) 18 наурыз күні Нью-Йоркте  америкалық Дэниэл Джейкобсқа (32-1, 29 КО) қарсы жекпе-жек өткізіп, орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша барлық белбеулерін қорғап қалды. Айқастан кейін Головкин осы жолғы айқасты 12-ші раундқа дейін жеткізуді көздемегенін айтты.  

http://www.inform.kz/kz/golovkinnin-zhasy-syr-bere-bastagan-sekildi-ermaxan-ybrayymov_a3011540