Германияның солтүстігіне «Иления» дауылы жақындап қалды, елде жоғары дайындық режимі сақталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle сайтына сілтеме жасап.
Неміс метеорологиялық қызметінің (DWD) деректеріне сай, Германияның солтүстігіндегі Гарц тауының шыңында сағатына 152 километр жел тіркелді.
DWD Солтүстік Рейн-Вестфалия және Мекленбург-Алдыңғы Померанияда қатты жел туралы ескерту жасады. Онымен қоса, Шварцвальд сияқты Оңтүстік Германияның таулы аудандарында да ауа райының нашарлайтыны хабарланды.
Метеорологиялық қызметтің болжамына сай, Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Зауэрланд пен Гарцта жауын-шашын толассыз жаумақ. Билік орындары Берлин мен Гамбург сияқты ірі қалаларда саябақтар мен ормандарға барудан бас тартуға шақырды. Ел бойынша өрт сөндіру қызметтері апат болған жағдайда жұмысқа кіруге әзір.
«Дауыл Германияның солтүстік-батысынан басталып, оңтүстік-шығысына қарай елдің орталығына дейін жылжиды», - деп түсіндірді DWD метеорологы Адриан Лизер.
Германияның Deutsche Bahn теміржол қызметі Twitter-де ауа райының нашарлауы салдарынан пойыздардың кешігіп жатқанын хабарлады.
Lufthansa әуе компаниясы да өз сайтында ұшақтардың кешігуі туралы хабарлап, жолаушыларды сапар алдында рейс кестесін қадағалауды шақырды.
Германияның халқы көп Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінде мектептер жабылды. Төменгі Саксонияда да сабақ болмайды.