Еуропада коронавирус пандемиясы баяулап, Еуроодақ елдері карантин шараларын жұмсартуда. Ал Германияда аурулар саны тағы өсуде. Бразилияда коронавирус жұқтырғандар саны миллионнан асып, 50 мың науқас қайтыс болды, деп хабарлайды Би-би-си агенттігі.
Испания төтенше жағдайды алып тастап, көптеген Еуропа елдерінен келген қонақтарға өз шекарасын ашты. Испанияда Covid-19 вирусынан 28,3 мың адам қайтыс болған.
Британияда шетелден келген адам 14 күндік карантинде болуы тиіс.
Германияда Роберт Кох атындағы инфекциялық ауруларды зерттеу институтының мәліметінше, R базалық көрсеткіші (бір науқас адам жұқтырған адамдардың орташа саны) күрт өскен: жексенбіде ол 2,88 болды, сенбіде 1,79. Яғни, әрбір ауру жұқтырған 100 науқас 288 адамға жұқтырады. Кох институтының мәліметтері бойынша, жаңа ауру қарттар мен ауруханаларда, босқындарға арналған мекемелерде, көлік компаниялары мен ет өңдейтін зауыттарда, сондай-ақ маусымдық ауылшаруашылық жұмысшыларында анықталған.
Британияда ресми деректер бойынша 300 000-нан астам коронавирус жұқтыру оқиғасы анықталған, 42500 науқас көз жұмған.
Шотландияда бесінші күн қатарынан коронавирус инфекциясынан көз жұмғандар жоқ, елде 2 472 пациент қайтыс болған.
Covid-19 вирусынан қайтыс болғандар саны жөнінен әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұрған Бразилияда 50 мыңнан астам науқас көз жұмған. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, елде коронавирус жұқтыру жағдайларының саны 1 миллионнан асты. Мұнда әр тәулікте 50 мыңнан астам вирус жұқтырудың жаңа жағдайы тіркеледі.
Ресейде соңғы тәулікте коронавирустың расталған 7 728 жағдайы тіркелді. Ресей Федерациясында Covid-19 расталған жағдайлардың жалпы саны - 584 680.
Иранда үшінші күн қатарынан Covid-19 вирусынан 100-ден астам науқас көз жұмған. Өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың 2 368 жаңа жағдайы тіркелді. Елде Covid-19 жұқтыру жағдайларының саны 205 мың.