Соңғы бірнеше онжылдықта елдердің көшбасшылары экономика болсын, әлеуметтік сала болсын өмірдің барлық саласында ерлер мен әйелдер арасында теңгерімділікке және тең құқылыққа қол жеткізуге тырысуда.
2016 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы жарлығы шықты, бағдарлама 2030 жылға дейін арналған. Сонымен бірге Қазақстан 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына қосылды, 17 мақсаттың 12-сі гендерлік мақсаттар болып табылады.
Тұжырымдаманың мақсатын қысқаша мынадай цифрлармен көрсетуге болады – биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік және корпоративтік секторларда әйелдердің үлесі 2023 жылға қарай – 25%, 2030 жылға қарай – 30% құрауға тиіс. Қазақстанда ол үшін не істеліп жатыр, қаржы секторының өкілдері мен зерттеушілер әйелдердің болашағын қалай елестетеді?!
Проблема үй шаруашылығындағы ақысы төленбейтін жұмыста
Пандемияның зардабын ер адамдарға қарағанда әйелдер көбірек тартқандай. Оны неден байқауға болады? Жауабы анық: әйелдер көбірек жұмыс істейтін қызмет түрлері – көтерме және бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлікпен мәмілелер, қызмет көрсету саласы дағдарыстан неғұрлым көбірек зардап шеккен экономика секторының тізіміне кіреді. Әдетте, әйелдердің табысы ер адамдарға қарағанда төменірек болатындықтан, кредиттер бойынша міндеттемелер қызмет көрсету тәуекелдері де артты, әйелдердің қаржылық жағдайының тұрақсыздануы байқалады. Мектептер мен балабақшалардың жабылуына байланысты мектеп жасындағы және мектепке дейінгі жастағы балалары бар көптеген әйелдердің карантин кезінде жұмыс пен үйді қатар алып жүру мүмкіндігі жоқ. Осыдан барып әйелдер табысынан да айырылады.
«Әйелдердің айтарлықтай әлсіз болуына ықпал ететін басты фактор – пандемия уақытында үй шаруашылығындағы ақысы төленбейтін еңбектің және күтіп-баптау жұмысының күрт өсуі. Үйдегі балалардың, қарт адамдардың және ауырып қалған адамдардың күтімін қамтамасыз ету үшін қолдауды отбасы, жұмыс берушілер мен мемлекет көрсетуі тиіс», - деп санайды Гендерлік экономиканы зерттеу орталығының директоры Майгүл Нұғыманова.
Нұғыманованың айтуынша, «БҰҰ - әйелдер» жобасы шеңберінде Гендерлік экономиканы зерттеу орталығы (GERC) жүргізген үй шаруашылығындағы ақысы төленбейтін еңбек бойынша зерттеу барысында сауалнама жүргізілген, ол қызықты фактілерді көрсетіп отыр.
«Ұсыныстың шектеулі болуы жағдайында күтім жасау функцияларын орындау қажеттілігіне байланысты әйелдер ақысы төленетін жұмыстан бас тартуға мәжбүр. Ақысы төленетін жұмысты үй шаруашылығындағы ақысы төленбейтін жұмыспен және күтім жасау жұмысымен бірге атқару проблемасы дағдарыс уақытында ұшыға түседі», - дейді Майгүл Нұғыманова.
Зерттеу нәтижелері бойынша мынадай қорытынды шығарылды: көрсетілетін қызметтерді институттандыруға мемлекет тарапынан бөлінетін инвестицияларды ұлғайту әйелдердің балалары мен отбасының тәуелді мүшелерінің күтімі бойынша ақысы төленбейтін жұмысқа жұмсалатын уақытын босатады, олардың ақысы төленетін жұмысқа орналасуына, сондай-ақ елімізде қосымша жұмыс орындарының пайда болуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ мектепке дейінгі білімге жұмсалатын шығыс 1%-ға ұлғайған жағдайда, жұмыспен қамтылған әйелдер саны 6,8%-ға, мектепке дейінгі ұйымдар саны 5,3%-ға, мектепке дейінгі ұйымдардағы орын саны 3,1%-ға, мектепке дейінгі ұйымдардағы бала саны 51%-ға, педагогтар саны 2,7%-ға және жек табыс салығының көлемі 2,3%-ға өседі. Мемлекет тағайындаған әлеуметтік жәрдемақы шығыстары 1%-ға ұлғайған жағдайда әйелдердің жұмыс күші саны 8,6%-ға өседі.
«Қазіргі кезде әйелдердің пандемия кезіндегі экономикалық ахуалы туралы сенімді статистикалық деректер болмағанмен, бір нәрсе анық: әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы көптеген зерттеулер нәтижесінде дағдарыс жағдайында жол алып отырған теңсіздіктер одан әрі ушығып, жаңадан белең алатындығы анықталды. Пандемия ерлер мен әйелдерге түрлі әсер етеді, мұндай жағдайда гендерлік рөлдер мен гендерлік теңсіздіктің болуына, күтім жасау үшін ақысы төленбейтін жұмыстың көбеюіне орай әйелдер айтарлықтай осал жағдайда болады, бұл олардың экономикалық мүмкіндіктерін шектейді. Әйелдер көбіне әлеуметтік қызметтер мен мемлекет қолдауына тәуелді болады. Мемлекет пен қоғамның бұған жауап қатуы ерлердің де, әйелдердің де түрлі қажеттіліктері мен мұқтаждығына сәйкес келуі тиіс», - деп қорытындылады әйелдердің ақысы төленбейтін еңбегі жайында «БҰҰ - әйелдер» жобасының зерттеушісі.
Корпоративтік әлемдегі әйелдер
Қазақстанда әйелдердің іскерлік қызметке араласу деңгейі жоғары. Дүниежүзілік банктің «Women, Business, Law Index Scores» индексіне сәйкес 2019 жылы Қазақстан ықтимал 100 баллдан айтарлықтай жоғары - 75 балл жинады. Мысалы, еліміз дәстүрлі түрде корпоративтік басқарудың халықаралық стандарттарын іске асыру мәселелерінде көш бастап тұр.
«Қаржы секторында шешімдер қабылдауға қатысатын әйелдер деңгейі бүгінгі күні айтарлықтай жоғары, әсіресе олар басқа салалармен салыстырғанда жоғары. Мәселен, 26 банктің 10-нда басқарма төрағалары – әйелдер, сақтандыру секторында 26-ның 9-дағы басшылар – әйелдер, нарықта жұмыс істейтін 12 брокерлік компанияның үшеуін әйелдер басқарады. Бұл жағымды көрсеткіш, алайда әлі де көрсеткішті жақсарта беру керек», - дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков.
Оның ойынша, қаржы ұйымдары басшы қызметкерлер лауазымына әйелдерді көбірек тартуы қажет, себебі бұл сектор - әдетте басқа салалар үшін үлгі болатын және корпоративтік басқаруда, көрсетілетін қызметтер сапасында және диджиталдандыруда жаңалық енгізетін сала. Әйелдердің басшы лауазымдарды атқаруы компанияларда инновациялардың дамуына ықпал ететіндігі атап өтілді. Сонымен бірге бүкіл жұмыс күшінің гендерлік алуандығы технологиялық жаңалықтармен салыстырғанда технологиялық емес инновациялардың сәтті болуына және енгізілу ықтималдығына жағымды әсер етеді. Қаржы реттеушісінің бірінші орынбасары McKinsey зерттеулерін мысалға келтіреді, ол егер әйелдер экономикаға ер адамдармен тең қатысса, бұл әлемдік жылдық ІЖӨ-ге 2025 жылға қарай 12–28 трлн доллар не 11–26% қосатынын көрсетті. Бұл 2025 жылға қарай Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда ІЖӨ-нің 9%-ға және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде ІЖӨ-нің 11%-ға өсуін білдірген болар еді.
«Делойт» «Директорлар кеңесіндегі әйелдер» жаһандық есебін тұрақты түрде шығарып тұрады, ол 49 ел бойынша өзгерістердің талдауын және рейтингін көрсетеді және осы саладағы заңнамалық және басқа да бастамалар жайында ақпарат береді. Соңғы есепке «Делойттың» орнықты даму жөніндегі көшбасшысы Сәуле Медетованың Қазақстан бойынша деректері алғаш рет қосылды. Талдау Қазақстан қор биржасының листингіне қосылған компаниялар бойынша ақпарат негізінде дайындалды. Көрсетілген құжатқа сәйкес 49 ел бойынша әйелдердің директорлар кеңесіндегі үлесі жаһандық көрсеткіші 2018 жылдың деректері негізінде 16,9%-ды құрайды. Қазақстанда директорлар кеңесінде әйелдер 7,4%-ды құрайды, бұл орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен.
Әйелдердің директорлар кеңесіндегі үлесі бойынша рейтингте Норвегия (41%), Франция (37,2%) және Швеция (33,3%) сияқты елдер көш бастап тұр. Рейтингтің соңында Оңтүстік Корея (2,4%), Сауд Арабиясы (0,7%) және Катар (0,6%). Қазақстан өз көрсеткіші бойынша Чили (7,7%) мен Мексиканың (6,5%) ортасында, бұл 42-ші орын. Ресей (8,5%) 39-орында, Қытай (10,6%) 34-орында.
Зерттеуде Еуропалық комиссияның 2010 жылдан бері директорлар кеңестеріндегі гендерлік теңдікті күшейту жөніндегі жұмысы атап өтіледі. Рейтингтегі көшбасшы елдер бойынша Норвегия 2005 жылы директорлар кеңестерінде екі жыныс үшін де 40% болатын жария компаниялар үшін квотаны белгілеген алғашқы ел болды. Францияда 2017 жылдан бастап жария және белгілі бір компаниялар үшін екі жыныстың 40%-ы көлемінде квота енгізілді. Швецияда квоталар жоқ, бірақ Швецияның барлық жария компаниялары үшін 2020 жылдан кейін кем дегенде 40%-ға жеткізу деген мақсаттар айқындалған.
Қазақстанда Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына сәйкес биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі - 2020 жылға қарай - 22%, 2023 жылға қарай - 25%, 2030 жылға қарай - 30% құрауы нысаналы көрсеткіш болып табылады. Қазақстанда әйелдердің директорлар кеңестеріндегі үлесін 22%-дық көрсеткішке жеткізу үшін 14,6%-ға өсу қажет. Тұтастай алғанда 49 ел бойынша әйелдердің директорлар кеңестеріндегі үлесі екі жылда 1,9%-ға өсті, 2016 жылдың деректері бойынша үлестің алдыңғы көрсеткіші 15% болды. 6%-дан асатын қомақты өсу Германия, Оңтүстік Африка, Финляндия және Малайзия сияқты арнайы күш салынған бірнеше елде ғана орын алды. Егер Қазақстанда өсім әлемдегі орташа өсім деңгейінде, шамамен жылына 1% болса, 22% көрсеткішіне жету үшін елімізге шамамен 15 жыл және 30%-ға жету үшін 20 жылдан аса уақыт қажет, ал бұл 2036 және 2041 жылдар.
«БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы мақсаттарына Қазақстанның қол жеткізу ұмтылысын ескерсек, әділ гендерлік бөлу, әйелдерге арналған көшбасшылық бағдарламаларын дамыту, жария компаниялар үшін гендерлік алуандылық туралы ақпаратты жария ету мәселелеріне тұрақты түрде ерекше көңіл бөлу қажет. Аталған шаралар әйелдердің бизнестің барлық салаларына көбірек кірісуін ынталандырады, бұл, өз кезегінде, республикада экономикалық әл-ауқаттың өсуіне жағымды әсер етеді» - деп санайды Гендерлік экономика зерттеу орталығының директоры Нұғыманова.
Ресурстарға қол жеткізу
Алайда бүкіл әлемде әйелдер басқаратын көптеген кәсіпорындардың өз бизнесін ашу, жүргізу және дамыту үшін қажетті қаржыға қолы жете бермейді. Кредиттеудегі жаһандық гендерлік айырмашылық 285 млрд доллар деп бағаланады және әйелдер басқаратын кәсіпорындардың 70%-дан астамы барлық өңірлерде қаржылық тұрғыдан қызмет көрсетілмейтін не жеткілікті түрде көрсетілмейтін болып саналады деген статистиканы Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасының үйлестірушісі Евгений Сон келтіріп отыр.
Әйелдер ашатын бизнес көрсетілетін қызметтер, сауда-саттық және агробизнес сияқты қосымша құн салығы төмен, шағын секторларда. Бұл қаржыға қолжетімділіктің шектеулі болуының нәтижесі, бірақ үй шаруасымен бірге атқару үшін оңай болатын жұмысты таңдаумен байланысты болуы мүмкін деп санайды ЕҚДБ. Бұл таңдау үй шаруашылығын атқару кезінде әйелдерге түсетін шектен тыс ауыртпалықпен байланысты. Әйелдер басқаратын бизнестің, мысалы, кредиттік тарихтың болмауы сияқты сипаттамасы банктер үшін әйелдердің тартымдылығын азайтады, олар әйелдер бизнесінің тәуекелі көбірек деп санайды.
«Әйелдердің қаржыға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту және олар басқаратын кәсіпорындарға қолдау көрсету ЕҚДБ-нің үш шұғыл басым стратегиясының бірі болып табылады. Атап айтқанда, банк өзінің инвестициялары, консультативтік өнімдері мен саяси диалогқа қатысу арқылы әйелдердің қаржыға және кәсіпкерлікке қол жеткізуіне қолдау көрсету міндетін алды. Мәселен, «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы шеңберінде ЕҚБД қаржы делдалдары, мысалы, жергілікті банктер мен микроқаржы ұйымдарына инвестициялайды, олар әйелдер басқаратын кәсіпорындарды кредиттейді», - дейді Евгений Сон.
ЕҚДБ сонымен бірге әйелдердің қаржыға қол жеткізуіне және кәсіпкерлік дамуына жағымсыз әсер ететін қауіпті кемшіліктер мен іркілістерді анықтау үшін жеке нарықтық бағалау өткізеді. Содан соң банк инвестициялық кеңес, орталық банк сияқты мемлекеттік және мемлекеттік-жеке органдарға қолдау көрсетеді. Олар, өз кезегінде, әйелдердің кәсіпкерлігі үшін қолайлы ахуал жасайтын саясат пен нормативтік актілерге басымдық береді.
Айта кетерлігі, Қазақстанда ЕҚДБ әйелдердің экономикаға қатысуы үшін құрылымдық кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы диалог арқылы құқықтық реформалар жүргізді. Соның нәтижесінде Қазақстан билігі 2018 жылғы тамызда әйелдер үшін тыйым салынған тізімдегі 287 жұмыс орнынан 100 жұмыс орнын алып тастады.
Қазақстан әйелдерінің бизнес жүргізудегі рөлін ерекше атап өту қажет. Мәселен, бизнестің 43%-ын әйелдер басқарады, жұмыс істеп тұрған 1,2 млн ШОБ-тың 536-сын әйелдер басқарады. Ал бұл бүкіл жұмыс орнының 31%-ы.
Тағы:
● ерлерге қарағанда әйелдер депозиттерді екі есе жиі: депозиттердің 62%-н – әйелдер, 38%-н – ер адамдар ашады. Алайда, ер адамдар, әдетте, әйелдерге қарағанда депозиттерді үлкен сомаға ашады, бұл әйелдер кірісінің төмен екенін білдіреді;
● әйелдер ер адамдарға қарағанда жиірек кредит алады: әйелдер алған тұтынушылық кредиттер үлесі – 55%, ер адамдарда – 45%, алайда тұтынушылық кредиттер сомасы әйелдерге қарағанда ерлерде жоғары (жалпы соманың 53%-ы ер адамдардікі, 47%-ы әйелдердікі);
● мерзімі өткен (90 күннен аса) кредиттер саны әйелдерде ер адамдарға қарағанда сомасы бойынша да (әйелдер - 42% және ерлер - 58%), саны бойынша да (әйелдер - 45% және ерлер - 55%) аз;
● мемлекеттік кредиттік бағдарламалар бойынша берілетін өнімдерді әйелдер көбірек пайдаланады: 57%-ы, ал ерлер - 43%.