Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» әскери мектебінің директоры мен оның екі орынбасары жұмыстан шығарылды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне хабарлады.
Бұған дейін желіде Hummer және бірнеше Gelandewagen көлігінен тұратын кортеждің видеосы тараған. Кортежде «Жас ұлан» мектебінің формасын киген түлектер көңіл көтеріп, кетіп бара жатқан. Интернет қолданушылары «болашақ офицерлердің» бұл әрекетін сынға алған.
Осы видео тараған соң қорғаныс министрлігі әскери білім және кадр департаменті тексеріс жүргізіп, «мектепте тәрбие жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенін анықтаған».
Министрліктің хабарлауынша, «Жас ұлан» мектебінің түлектеріне Hummer және бірнеше Gelandewagen көлігін ата-аналары жалдаған.
Министрлік оқушылар бұл қылықтары үшін жазаланбайтынын, ата-аналардың әрекеті тексерілетінін хабарлады. Ал ата-аналардың бірі кортеж жалдайтындарын балаларына да, мектеп басшылығына да хабарламағанын, тосын сый жасамақ болғанын айтқан.
Министрлік оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.