24 мау, 2020 сағат 10:37

Ғалым кеңесі: Иммунитетті күшейту үшін құс, жылқы етінің сорпасын ішіп, жұмыртқа жеу керек

Иммунитетті күшейту үшін құс, жылқы етінің сорпасын ішіп, жұмыртқа жеу керек. Мұндай кеңесті медицина ғылымының докторы, профессор Ерболат Дәленов берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус инфекциясы — біздің елімізге де жеткен індет. Инфекция барлық жерде жүріп жатыр. Сондықтан одан сақ болуымыз, өзімізді сақтауымыз керек. Кейбір адам мұның қаупін жете түсінбей «мұндай ауру жоқ, саясат» деп жүр. Бұлай айтуға болмайды. Өйткені, қазірдің өзінде дүниежүзінде 9 млн адам ауырып, оның 480 мыңға жуығы қайтыс болды. Елордамызда да күшейіп барды. Сондықтан халқыма айтарым, өздеріңізді, гигиеналық режимді сақтаңыздар. Қолды кір сабынмен жуып, мұрын ішін де осы сабынмен тазалаңыздар. Қол беріп амандаспаңыздар. 1-1,5 метр әлеуметтік арақашықтық сақтаңыздар. Сонда бұл вирус жұқпайды», - деді профессор. 

Сонымен қатар, ол әр адам коронавирус инфекциясынан қорғануы үшін өзінің иммунитетін күшейтуі қажеттігін баса айтты. 

«Иммунитетті күшейту үшін дұрыс тамақтану қажет. Ақуызы көп тамақ тұтынған жөн. Құс, жылқы еті сорпасын ішіп, жұмыртқа жеген жақсы. Өйткені, олар қан құрамында иммуноглобулинді көбейтеді. Сондықтан күнделікті тұтынатын тағамның 30-40 пайызы құс пен мал еті, ал қалған 60-70 пайызы жеміс-жидек болуы тиіс», - деді Ерболат Дәленов. 

Медицина ғылымының докторы сәл тымауратып қалған кезде 1 литр қайнаған суға 1 қасық ас содасын салып, оның буымен күніне үш рет тыныс алу керектігін айтады. Сонымен қатар маска ішіне спирт шашылған кішкене дәке салып, оны 3 сағат сайын ауыстырып отыруға кеңес береді.