Адамның арманы таусылған ба? Бірақ сол арманның жүзеге асуы қиын. «Арманыма жеткізе гөр» деп, адам баласы Жаратқанға жалбарынып, дұға-тілек тілейді. «Дұғам неге тез қабыл бола қоймады» деп, Тәңірге наз айтады. Адам асыққанмен, Алла асықпайды.
Адам көрмегенмен, естімегенмен, ғалам кез келген дұғаға жылдам жауап береді, адамның арман-тілегін жауапсыз қалдырмайды.
Ғалам адаммен қалай сөйлеседі, қалай жауап береді, қалай ескертеді?
Мәселен, адам он жыл бойы бір орында жұмыс істеумен келеді, он жыл бойы алатыны сол жалақы – өмір біркелкі, көңілсіз, мағынасыз болып барады. Адам таңертең «Тағы да жұмыс па?» деген оймен ұйқыдан әрең оянады. Шалбарының бір балағын киіп, бір балағын кие алмай, ұйқылы-ояу күйде мең-зең болып біраз уақыт отырады. Уақыт өтіп бара жатқан соң, амалсыздан киініп, асығыс жұмысқа аттанады. Қоғамдық көлікте де дәл өзіндей тұнжыраған, есінеп, қалғып отырған жұртты көреді (Кешке үйге қайтарда тіптен шаршап қайтады). Жұмыста ештеңе өзгермеген, сол қалпы. Алға қарай талпыну, даму жоқ, адам роботқа айналған. Үй-жұмыс, үй-жұмыс…Ілдебайлап өмір сүру, бірді бірге жалғау.
Адам соңғы үш жылда өзінің сүйікті ісімен айналысқысы келеді, жақсы жалақы тапқысы бар, «жылына 2-3 рет демалсам» дейді, «бақытты болсам» деп армандайды.
«Осылай жүріп арманым неге орындалмайды, неге менің талап-арызымды, тілек-дұғамды Ғалам естімейді, қабыл етпейді» деп таңғалады, ашуланады?
Сіз қалай ойлайсыз, Ғалам оның арманын орындай ма? Әрине, орындайды!
Бұл адамның қателігі неде деп ойлайсыз? Қателігі – Ғаламды «керек» пен «керек емес» дегенді ажырата алады деп ойлағандығында.
Ғалам біз ойлағаннан басқаша жұмыс істейді. «Керек» пен «керек емес» дегенді ажырата алмайды. Бұл сөздердің бәрі адамның тілінде!
Ендеше, не істеу керек? Ол үшін Ғаламның тілін үйрену керек. Ғаламның тілін үйреніп, онымен сауатты түрде ұғыныса білсең, өзің тілеген арманыңның жүзеге асқанын көресің. Ғалам мен адам тұрмақ, ер мен әйел де түсініспей жатады емес пе. Өйткені, әйелдің тілі басқа да, еркектің тілі бір бөлек. Осыдан ұрыс-керіс шығады, отбасында түсінбестік туындайды. Себебі, қазақша болса да, сіздер әр тілде сөйлеп жатырсыздар.
Сонымен, жолы болмаған кейіпкерімізге қайта оралайық.
Ол адам Ғаламның тілі бойынша өзінің бойы үйренген жұмыстан өмірі шыққысы келмейді және бақытсыз болғанды қалайды. Дәл солай! Ғалам осыны ғана естіп тұр! Және сол адамның арман-тілегін орындап тұр. Неліктен? Себебі, бұл адамның сезімінің 80-90 пайызы бақытсыздық сезімінен тұрады. Осындай сезімі арқылы адам материалдық шындық қалыптастырады. Ғаламның тілінің басты принципі мынада: Ғалам сөзді емес, сезімді естиді!
Екіншіден, Ғалам іс-әрекетке «қарайды»! Әлгі адам қаншама рет «ақшам жоқ», «уақытым жоқ», «жағдайым жоқ» деп «жоқты» айта берген. Ғалам мұны «яғни қажет етпейді, яғни өзіне ұнайды» деп ұғады.
Сөз де, ой да, іс-әрекет те алдымен энергияға, энергия материға айналады.
Әлгі адамның өзінің сүйікті ісімен айналысқысы келетіні, жақсы жалақы тапқысы, жылына 2-3 рет демалсам деп армандайтыны – үмітсіздікке, қайғы-мұңға, бақытсыздыққа толы сезім. Осы сезім – ол адамды бақытсыздыққа ұшыратқан! Адам энергиясынң қасында бұл ойлар теңізге тамған тамшыдай ғана, сондықтан Ғалам мұндай тілекке назар аудармайды. Оны үстіне, адам арманын жүзеге асырғысы келгенде, мұң онан сайын арта түседі. Аламның өзі арманына шын сенбейді, сондықтан ол жүзеге аспайды. Болар-болмас үміт – арманның жүзеге асуы үшін тым әлсіз эмоция.
Егер транспортпен салыстырсақ, үміт – велосипед, сенім – ұшақ! Сондықтан, алыс қашықтыққа үміт жарамайды. Тек күшіңді сарқығаны болмаса.
Сондықтан, өзіңді алдағанды және Ғаламды айыптағаныңды доғар! Бәленің бәрін Құдайға жаппа!
Алдымен өзіңе қара! Өзің ештеңе өзгермегенін, бәрі бұрынғыша болғанын қалайсың. Өзгеруден, өзгерістен қорқасың! Тәуекел ете алмайсың. Құр армандап, қиялданып, қол қусырып отырасың. Ғалам осыны көріп тұр, естіп тұр. Осылай өмір сүре бер дейді. Ғалам – данышпан!
Тәуекел ет! Алла өзіне сеніп, тәуекел еткендерді сүйеді! Тәуекл түбі –желқайық, өтесің де кетесің.
Алдымен өзіңді өзгерт, сосын саған Ғалам басқаша қарай бастайды. Өзін түзетпегенді, Құдай да түзетпейді.
Төреғали ТӘШЕНОВ
"Айқын" газеті