01 қар, 2017 сағат 11:47

Ғабидолла Әбдірахымов шымкенттік әріптестерінен кешірім сұрады

Шымкенттің бұрынғы басшысы  Ғабидолла Әбдрахымов бүгін қала әкімдігінде соңғы жиын өткізіп, әріптес қызметтестерімен қоштасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қатты кеткен кездерім болса,  кешірім сұраймын», - деді ол.

«Мемлекеттік қызметтегі ең жақсы жылдарым Шымкентте өтті. Орынбасарларыма, бөлім басшыларына, аудан әкімдеріне, жергілікті полиция қызметінің басшыларына алғыс айтамын. Жұмыста бәрі болады, егер сіздерді ренжіткен болсам, кешірім сұраймын. Мен шын жүрегіммен сіздерді құрметтеймін», - деді Ғабидолла Әбдрахымов.


Жиында Ғабидолла Әбдірахымовқа да жылы лебіздер айтылды. Оның елден ерек еңбегін сөз еткендер ендігі қызметіне сәттілік тіледі.

«Сізбен жұмыс істеу бір ғанибет. Кеткеніңізді қаламап едік. Біз ғана емес, шымкенттіктер де. Сіздің қалғаныңызды сұрадық. Сізді бәрі жақсы көреді, құрметтейді. Бірге істеген жұмысымыз үшін рақмет. Алда сізге сәттілік тілейміз. Сіз бізге көп нәрсе үйреттіңіз. Біз бір ұжым болып жұмыс істедік» - деді Шымкент қалалық  бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлжан Құрманбекова.


Естеріңізге салайық, Ғабидолла Әбдрахымов 2015 жылдың тамызынан бастап Шымкенттің әкімі болды. Ал, күні кеше ол "Нұр Отан" партиясының хатшысы лауазымына тағайындалған еді.