Дүйсенбі, 7 маусымда Гаага аймақтық сотында 2014 жылы Украинада құлаған Malaysia Airlines әуе компаниясының MH17 ұшағы апатына байланысты сот тыңдауы басталады. Онда апаттың жай-жапсары қаралады. Лайнер Амстердам – Куала-Лумпур бағыты бойынша ұшқан. Бортта 298 адам болған. Барлығы опат болды.
Апатқа байланысты айыпталғандарға қатысты сот процесі 2020 жылы 9 наурызда Амстердамда басталған. Істе төрт айыпталушы бар, үшеуі – Ресей азаматы: ФСБ-ның запастағы полковнигі Игорь Гиркин (Стрелков), ГРУ-дың отставкадағы аға офицері Сергей Дубинский, әуе десант әскерінің запастағы подполковнигі Олег Пулатов. Төртінші айыпталушы – өзін республика ретінде жариялаған ДНР-дің барлау бөлімінің командирі Леонид Харченко.
2014 жылы, Украина мен Ресей арасында қақтығыс күшейген тұста, Malaysia Airlines әуе компаниясының Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып шыққан MH17 рейсі Украинаның шығысында құлаған. Бұл уақытта Украинаның шығысы Ресей қолдайтын сепаратистердің бақылауында еді. Тергеушілер ұшақты Ресейдің "Бук" зымыран жүйесімен атып түсіргенін айтады.
Барлық айыпталушы – Игорь Гиркин (Стрелков), Сергей Дубинский, Олег Пулатов және Леонид Харченко сотқа келуден бас тартты. Бірақ Пулатов сотпен адвокаты арқылы байланысуға келісті. Оның мүддесін нидерландылық екі адвокат пен ресейлік бір заңгер қорғайды.
