Футзалдан Қазақстан құрамасының 2022 жылғы Еуропа чемпионатына финалдық кезеңіне екі тур бұрын жолдама алды. Қазақстандықтар топтық іріктеу кезеңінде бүгін, 6 cәуірде cырт алаңда Венгриядан басым түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшылар бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары.
Бүгінгі ойында қазақстандық футзалшылар қарсыластар қақпасына алты гол салды. Оны Шыңғыс Есенаманов 5, Азат Валиуллин 9, Тайнан 10, Дуглас Жуниор 23, Альберт Ақбалықов 33-минуттарда өзінің еншісіне жазды. Ал 14-минутта венгриялық Имре Нодь өзінің қақпасына гол соғып алды. Оған алаң иелері бір голмен жауап қайырды. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 6:1 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық футзалшылар үш ойын өткізді. Оның барлығында жеңіске жетті. Алдымен елордада бүгінгі қарсыласы - Венгрияны 5:0 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Беларусьтен 5:2 есебімен басым түсті. Үшінші ойында сырт алаңда Беларусьті 5:1 есебімен сүріндірді.
Бүгін аталған топта Беларусь құрамасы өз алаңында Израильді 14:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді қазақстандық футзалшылар 9 және 11 сәуір күндері Израиль құрамасымен екі кездесу өткізеді. Коронавирус инфекциясының алдын алу шараларына орай екі ойын да елордада өтеді.
Айта кетелік, қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінде екі мәрте бақ сынады. 2016, 2018 жылдарда қола жүлде алды. Еуропа чемпионатының финалдық сатысы 2022 жылдың 19 қаңтар және 6 ақпан аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі.