Футзалдан Қазақстан құрамасының 2022 жылғы Еуропа чемпионаты топтық іріктеу кезеңінде бүгін, 2 наурызда елордада Беларусьпен кездеседі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған ойын елорда уақытымен 19.20-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшылар бесінші топқа түсті. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары.
Қазақстандық құрама алғашқы ойында өз алаңында Венгриядан 5:0 есебімен басым түсті. Екінші кездесуді 28 қаңтарда Израильде өткізу жоспарланған. Дегенмен аталған мемлекетте 26-31 қаңтар аралығында коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында халықаралық рейстер жабылды. Сондықтан аталған ойынды кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданды.
Қос құрама арасындағы екі кездесу енді 9 және 11 сәуір күндері елордамыз - Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-Жек» стадионында болады деп күтілуде.
Қазір турнир кестесінде Қазақстан, Венгрия және Беларусь құрамаларының қоржынында үш-үш ұпайдан бар. Екі қарсыласынан қазақстандық футзалшылардың бір ойыны кем. Соңғы орындағы Израиль әзірге ұпайға қол жеткізген жоқ.
Беларусь футзалшылары биылғы іріктеу сатысында алдымен Израильді сырт алаңда 3:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін сырт алаңда Венгрияға 1:2 есебімен жол берді.
Беларусь құрамасы Еуропа чемпионаты финалдық сатысында 2010 жылы бір мәрте бақ сынады. Өз тобында соңғы орынды місе тұтты.
Айта кетелік, қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінде екі мәрте бақ сынады. 2016, 2018 жылдарда қола жүлде алды.
Еуропа чемпионатының финалдық сатысы 2022 жылдың 19 қаңтар және 6 ақпан аралығында Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында өткізіледі.