Катар елінде футболдан өтіп жатқан клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалында кездесетін құрамалар анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге сала кетелік, аталған доп додасы 1 ақпан күні басталуы тиіс болатын. Бұл күні Катардың «Аль Духаиль» және Жаңа Зеландияның «Окленд Сити» командаларының ойыны жоспарланған еді. Дегенмен коронавирус инфекциясына байланысты Жаңа Зеландия клубы турнирге келуден бас тартты. Оларға техникалық жеңіліс жазылды.
Ал ширек финалда Мысырда «Аль-Ахли» клубы «Аль Духаиль» командасын – 1:0, Мексиканың «УАНЛ Тигресі» Оңтүстік Кореяның «Ульсан Хёндэсін» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Ал жартылай финалда «УАНЛ Тигрес» Бразилияның «Палмейрасын» 1:0 есебімен орта жолда қалдырса, Германияның «Бавариясы» «Аль-Ахлиді» 2:0 есебімен жеңді.
Енді финалда 11 ақпанда «Бавария» мен «УАНЛ Тигрес» кездеседі. Сол күні үшінші орын үшін «Аль-Ахли» мен «Палмейрас» сынға түседі.
Аталған доп додасы 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 16 мәрте ұйымдастырылды. Чемпиондық атаққа Испанияның «Реал Мадрид» 4, «Барселона» 3, Бразилияның «Коринтианс» 2, «Интернасьонал», «Сан-Паулу», Англияның «Ливерпуль», «Манчестер Юнайтед», Италияның «Милан» «Интер» және Германияның «Бавария» командалары ие болды. 2019 жылы «Ливерпуль» командасы жеңімпаз атанған болатын. Өткен жылы доп додасы коронавирус инфекциясына байланысты өткізілмей қалды.