07 сәу, 2021 сағат 05:45

Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» «Ливерпульды» жеңді

UEFA Чемпиондар лигасы 1/4 финалында 6 сәуірде екі ойын өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы жұпта «Манчестер Сити» (Англия) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия) клубтары өзара шеберлік байқасты. 

Бұл ойында ағылшындар клубы 2:1 есебімен басым түсті. Алаң иелері қатарынан Кевин Де Брёйне 19-минутта есеп ашқан еді. Ал 84-минутта неміс футболшысы Марко Ройс таразы басын теңестірді. Кездесу тағдырын 90-минутта манчестерлік Филип Фоден шешті.

Тағы бір ойында Испанияның «Реал Мадрид» клубы Англияның «Ливерпуль» командасын 3:1 есебімен сүріндірді. Ойын барысында испандық клуб қатарынан Винисиус Жуниор 27, Марко Асенсио 36-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Оған 51-минутта «Ливерпуль» ойыншысы Мохамед Салах бір голмен жауап қайырды. Ал 65-минутта Винисиус Жуниор тағы бір голдың авторы атанды. Осылайша «Реал Мадрид» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. 

Енді қарымта ойындар 14 сәуірде өткізіледі.

Сондай-ақ, бүгін 7 сәуірде Чемпиондар лигасы 1/4 финалында «Бавария» (Германия) мен «Пари Сен-Жермен» (Франция), «Порту» (Португалия) мен «Челси» (Англия) командалары кездеседі. 

Финал 29 мамырда Түркияның Стамбул қаласындағы «Ататүрік» олимпиадалық стадионында өтеді.