16 наурызда UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалы аясында тағы екі ойын өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алғашқы жұпта «Манчестер Сити» (Англия) пен «Боруссия Менхенгладбах» (Германия) командалары кездеседі. Алғашқы кездесуде ағылшындық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түскен болатын.
Бұл жолы да дәл сол есеп тіркелді. «Манчестер Сити» сапынан Кевин Де Брейне 12, Илкай Гюндаган 16-минуттарда мергендік танытты. Ағылшын клубы қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Қос ойынның нәтижесімен манчестерлік футболшылар жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Тағы бір ойын «Реал Мадрид» (Испания) пен «Аталанта» (Италия) командалары арасында өтті. Екі команда арасындағы алғашқы ойында испандықтар 1:0 есебімен басым түсті.
Қарымта кездесуде испандық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті. «Реал Мадрид» сапынан Карим Бензема 34, Серхио Рамос 60, Марко Асенсио 84-минуттарда гол соқса, оған «Аталанта» ойыншысы Луис Мурьель 83-минутта жалғыз голмен жауап қайырды.
Естеріңізге сала кетелік, турнирдің ширек финалына «Ливерпуль» (Англия), «Пари Сен-Жермен» (Франция), «Боруссия Дортмунд» (Германия) және «Порту» (Португалия) командалары жолдама алды.
Енді 1/8 финалда тағы екі ойын өткізіледі. Бүгін, 17 наурызда «Челси» (Англия) мен «Атлетико Мадрид» (Испания), «Бавария» (Германия) мен «Лацио» (Италия) клубтары кездеседі.