Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші турында талдықорғандық «Жетісу» Алматыдағы «Жас қыран» стадионында Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Талдықорғандықтар өткен жылғы біріншілікте үздік алтылықты түйіндесе, түркістандықтар премьер-лигаға биыл қосылған еді.
Бірінші турда «Жетісу» ел чемпионы «Қайратқа» 0:2 есебімен есе жіберсе, «Тұран» өз алаңында «Астанамен» тең түскен-ді – 2:2.
Бұл жолы алаң иелері ойын тізгінін бірден қолға алып, 4-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін эстониялық жартылай қорғаушы Артем Дмитриев есеп ашты.
Жақсы ойын өрнегін көрсеткен «Жетісу» футболшыларының бұдан кейін де гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Ақыры 69-минутта Аслан Әділ мергендік танытса, жеті минуттан кейін Асхат Балтабеков есепті 3:0-ге жеткізді.
Бұдан соң түркістандықтар қаншама тырысқанымен, ештеңе өзгерген жоқ. «Жетісу» ірі есеппен жеңіске жетті.
Бүгін екінші турда сондай-ақ «Ақжайық» - «Атырау», «Шахтер» - «Ордабасы», «Ақтөбе» - «Тобыл» матчтары өтеді.