Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің үшінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған турдағы соңғы ойын Қостанайда жергілікті «Тобыл» мен елордалық «Астана» командалары арасында өтті. Екі ұжым да турнир кестесінде жоғары бөлігінде тұр. Жылма-жыл жүлделі орындарға таласып келеді. Биыл да сол қарқында ойын көрсетуге тырысып жүр.
Кездесуде есепті алғаш болып алаң иелері ашты. Олардың қатарынан Сергей Малый өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Бұдан кейін ойын алма-кезек шабуылмен өрбіді. Ал 83-минутта «Астана» сапынан Жарко Томашевич таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Сондай-ақ, бүгін Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:0 есебімен сүріндірді. Ал «Қайрат» өз алаңында «Таразбен» тең түссе, Шымкенттің «Ордабасы» клубы Оралдың «Ақжайығынан» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
4 сәуірде Түркістанда «Тұран» мен Қызылорданың «Қайсары» 1:1 есебіне қанағат білдірсе, өз алаңында «Атырау» «Ақтөбеге» 1:3 есебімен есе жіберді.
Енді төртінші тур ойындары 9 және 10 cәуір күндері өткізіледі. Алдымен 9 сәуірде «Тараз» бен «Шахтер», «Ақтөбе» мен «Ордабасы», «Қайсар» мен «Каспий», «Ақжайық» пен «Қызылжар» кездессе, 10 cәуірде «Астана» мен «Атырау», «Жетісу» мен «Тобыл», «Қайрат» пен «Тұран» командалары ойнайды.