Футболдан Суперлиганың жобасы алты ағылшын командасы шыққаннан кейін қайта қарастырылады. Бұл туралы ұйымның баспасөз хабарламасына сілтеме жасап Associated Press журналисі Роб Харрис Twitter-дегі парақшасында жазды.
Бұдан бұрын «Арсенал», «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед», «Тоттенхэм» және «Челсидің» Суперлигадан шығатындығы туралы мәлім етілген. Италияндық Sky Sport спорт телеарнасының журналисі Фабрицио Романоның ақпаратынша, жақын арада осы елдің «Милан» мен «Интер» командалары да Суперлигадан кетпек.
«Қазіргі жағдайды ескере отырып, жобаны өзгерту бойынша ең тиімді қадамдарды қарастыруымыз керек, - делінген баспасөз хабарламасында. – Қысым жасаудың салдарынан кетуге шешім қабылдаған ағылшын клубтарының мәлімдемесіне қарамай, біз ұсынысымыздың еуропалық заңнама мен нормативті актілерге толығымен сай келетініне сенімдіміз».
Дүйсенбі күні Еуропаның 12 мықты футбол клубы тамыз айында Суперлига құратындықтары жайында жоспарланғанын мәлімдеген еді. Бұлар – ағылшындық «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити», «Тоттенхэм», «Ливерпуль», «Челси» және «Арсенал», испандық «Барселона», «Атлетико» және «Реал», италиялық «Милан», «Интер» және «Ювентус». Олар жаңа турнирдің құрушы клубтары қатарына кірді.Сондай-ақ кейінірек тағы үш клуб қосылатыны туралы да айтылған болатын.
Сейсенбі күні турнирдің негізін құраушы клубтар жиналып, бұл жағымсыз әрекеттен кейін доп додасын тарқату мәселесін талқылады.
Еуропа футбол одағы қауымдастығы (УЕФА), Англия, Испания және Италияның ұлттық футбол федерациялары басшылығы және осы елдер чемпионаты Суперлиганың құрылуына қарсы шықты. Олар бұл клубтардың ұлттық турнирлер мүшелері қатарынан шығарылатыны және алдағы уақытта УЕФА атынан ойнай алмайтыны жөнінде мәлім етті.