Футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші турында «Ақжайық» Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
Бірінші таймда қос команда барынша шабуылдап көргенімен, есеп ашылған жоқ.
Екінші тайм басында қонақтардан черногориялық жартылай қорғаушы Дарко Зорич тепкен допты «Ақжайықтың» қақпашысы, украиналық Сергей Литовченко қайтарғанымен, ол оралдық Эльдар Абдрахмановқа тиіп, қақпаға кіріп кетті.
Бұдан кейін «Қызылжар» ойыншылары негізінен қорғанысқа көшті.
«Ақжайық» жаңадан футболшылар қосып, күш салғанымен, ештеңе өзгермеді.
84-минутта «Қызылжар» сапындағы бразилиялық шабуылшы Алвес Данило Алмейда дөрекі ойнап, алаңнан қуылды.
Осылайша автогол матч тағдырын шешіп, қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Оралдықтар келесі кездесуін 13 сәуір күні сырт алаңда «Шахтермен» өткізеді. Биыл сүреңсіз ойнап жүрген қарағандылықтар бүгін «Тараздан» 0:4 есебімен жеңіліп қалды.