Футболдан «Қайсар» командасының құрамы 80 пайызға жаңаратын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінде футбол клубы Түркия жерінде оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Онда 3 наурызға дейін дайындығын жүргізеді.
«Командаға жергілікті маман Сұлтан Әбілдаев бас бапкер болып тағайындалды. Оған Ерлан Шойтымов пен Қанат Шерімбетов көмектеседі. Өткен маусымда өнер көрсеткен ойыншылардың 80 пайызы командадан кетті. Түркияда легионерлерді сынақтан өткіземіз. Негізгі басымдықты жергілікті ойыншыларға береміз. Негізгі мақсат – алдағы бес жылдықта танымал ойыншылар шығару», - деді «Қайсар» ФК директоры Серік Досманбетов.
Команда облыста өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында екі мәрте жаттығу жиынын өткізді. Жергілікті футболшылардың шеберлігін байқап көрді. Көзге түскен 12 аяқдопшыны бас бапкер Анталиядағы жиынға шақырған. Олардың қатарында қақпашы Нұрымжан Салайдын, қорғаушылар - Елжас Сарбай, Олжас Алтаев, Абылайхан Төлегенов, Данияр Әлімжан, жартылай қорғаушылар - Бекзат Құрманбекұлы, Аян Құлмағанбетов, Думан Нәрзілдаев, шабуылшылар - Шоқан Абзалов, Өркен Махан бар.
Бүгінгі күнге дейін «Қайсар» Түркияда екі жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Алдымен Македонияның «Шкендия» клубымен 1:1 есебімен тең түсіп, одан кейін Украинаның «Деснасын» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Команда құрамында қақпашы Артем Леонов, қорғаушы Егор Потапов, Вук Митошевич, Линас Клюмавичус, жартылай қорғаушы Никита Бочаров, шабуылшы Стефан Денкович, Каролис Лаукжямис сынды шетелдік ойыншылар келді. Сондай-ақ, қазақстандық қорғаушы Ұлар Жақсыбаев, жартылай қорғаушы Марат Шахметов, Арман Кеңесов секілді футболшылар сынақтан өтуде.