19 мау, 2019 сағат 19:40

Футбол: «Қайсар» 20 жылдан кейін Қазақстан кубогы финалына шықты

Футболдан Қазақстан кубогы финалына шыққан алғашқы команда анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін жартылай финалдың қарымта кездесуінің бірі Қызылорда қаласында өтті. Жергілікті «Қайсар» Қостанайдың «Тобылын» қабылдады.

Естеріңізге сала кетелік, 22 мамырда Қостанайда аталмыш екі команда арасындағы жартылай финалдың алғашқы кездесуі өткізілді. Ол ойында «Тобыл» «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңген болатын.

Сондықтан бүгінгі кездесуде қызылордалық клуб кем дегенде екі гол айырмасымен жеңуі тиіс еді. Ойын басынан алаң иелері шабуылға көбірек көңіл бөлді. Нәтижесінде 16-минутта «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян өз командасын алға шығарды. Екінші кезеңнің 67-минутында қызылордалық шабуылшы Куле Мвомбо есепті үстемелей түсті. Ал 89-минутта «Тобыл» сапынан Артурас Жулпа бір голмен жауап қайырды. Осылайша ойынның соңғы минутына дейін «Қайсардың» басымдығымен таблода 2:1 есебі жанып тұрды. Соңғы минутта қостанайлық футболшының қолына өз айып алаңында доп тиіп, төреші олардың қақпасына пенальти белгіледі. Оны Тигран Барсегян шебер орындады. Нәтижесінде қарсыласын 3:1 есебімен жеңген «Қайсар» 20 жылдан кейін Қазақстан кубогы финалына жолдама алып отыр.

Айта кетейік, қызылордалық клуб 1/8 финалда сырт алаңда «Оңтүстік академиясын», ширек финалда Павлодардың «Ертісін» 2:1 есебімен жеңген-тін.

«Қайсар» командасы 1999 жылы Өскеменнің «Востогынан» 2:1 есебімен басым түсіп, кубокқа ие болған еді. 1998 жылы финалға дейін жетсе,  2007 жылы жартылай финалда бақ сынады.