Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің екінші туры басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Командалар 19 және 20 наурыз күндері өзара шеберлік байқасады. Алғашқы күнде үш ойын өтсе, келесі күнге төрт кездесу белгіленген.
Әзірге екі ойынның нәтижесі белгілі болды. Алғашқысында «Тараз» өз алаңында «Қызылжар» командасын қабылдаса, екінші ойында Қызылордада «Қайсар» Алматының «Қайратымен» шеберлік байқасты.
«Тараз» және «Қызылжар» арасындағы кездесуінде есеп ашылған жоқ. Командалар 0:0 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
«Қайсар» мен «Қайрат» арасындағы ойын. Өткен жылғы ел чемпионы тізгінді өз қолына алуға тырысты. Оған алаң иелері бірінші кезеңде лайықты қарсылық көрсетті. Дегенмен 45-минутта алматылық клуб шабуылшысы Вагнер Лав есеп ашып кетті.
Екінші кезеңде Камо Оганесян 62, Данияр Үсенов 77-минуттарда мергендік танытты. Ойында алматылық клуб 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Сондай-ақ, бүгін елордалық «Астана» өз алаңында Ақтаудың «Каспий» клубымен жасыл алаңға шығады. Ойын жергілікті уақытпен 18.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ал 20 наурызда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан), «Ақжайық» (Орал) мен «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» мен «Тобыл» (Қостанай) командалары кездеседі.