Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің екінші туры басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Командалар 19 және 20 наурыз күндері өзара шеберлік байқасады. Алғашқы күнде үш ойын өтсе, келесі күнге төрт кездесу белгіленген.
Екінші тур елорда уақытымен 14.00-де «Тараз» және «Қызылжар» командалары арасындағы кездесумен жалауын көтереді.
Тараздық футболшылар бірінші турда сырт алаңда Қызылорданың «Қайсарын» 3:2 есебімен жеңіп кеткен еді. Ал «Қызылжар» Шымкентте «Ордабасымен» кездесуі тиіс болатын. Ауа райының қолайсыздығынан аталған кездесу кейінге шегерілді.
Алматының «Қайраты» Қызылордада жергілікті «Қайсармен» жасыл алаңға шығады. Өткен турда өз алаңында алматылық ұжым Талдықорғанның «Жетісуын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесу елорда уақытымен 16.00-де басталады.
Елордалық «Астана» өз алаңында жергілікті уақытпен 18.00-де Ақтаудың «Каспий» клубымен жасыл алаңға шығады. «Астана» алғашқы турда Түркістанда «Тұранмен» 2:2, «Каспий» өз алаңында «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең түсті.
Бүгінгі ойындардың барлығы «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ал 20 наурызда «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан), «Ақжайық» (Орал) мен «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Ақтөбе» мен «Тобыл» (Қостанай) командалары кездеседі.