20 нау, 2021 сағат 00:52

ҚПЛ: «Атырау» командасы айыппұл төлейді

«Атырау» футбол командасы айыппұл төлейді. Команданың екі ойыншысы ойыннан шеттетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан футбол федерациясы «Атырау»-«Шахтер» командаларының кездесуінен кейін осындай шешім қабылдады. 

«Тәртіптік регламенттің 45-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес «Атырау» командасының ойыншысы Алексей Родионов матчтың ресми тұлғасына әдепсіз сөз айтқаны үшін төрт матчқа шеттетілсін. Шеттету мерзімі 2021 жылғы 14 наурыздан бастап есептелсін. Тәртіптік регламенттің 118-бабына сәйкес «Атырау» командасының ойыншысы Сәбит Тастанбековке 2021 жылғы 14 наурыздан бастап болған инцидентті жан-жақты және толық заңды талқылау үшін ҚФФ аясында өткізілетін барлық жарыстарда 30 (отыз) күнтізбелік күнге шеттету түріндегі уақытша санкция қолданылсын» -делінген федерацияның ақпаратында. 

Федерацияның мәліметінше, «Атырау» футбол командасы Қазақстан чемпионаты мен кубогының матчтарын өткізудің техникалық регламентін бұзып, матчты интернет арқылы тарату мүмкіндігін, Премьер-Лига клубтары арасындағы 2021 жылға арналған Olimpbet регламенті-Қазақстан Республикасының чемпионаты негізінде стадион аумағында (мінбе астындағы үй-жайға) құқық қорғау органдарының немесе жеке құрылымдардың күшімен төрешілер бригадасын алып жүруді қамтамасыз етпеген. 

Сол себептен, «Атырау» футбол командасына тәртіптік регламентінің 66-бабына сәйкес бұзушылықтардың жиынтығымен 160 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Енді команда 466 720 теңгені 18 сәуірге дейін төлеуі тиіс.