Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің екінші турында елордалық «Астана» өз алаңында Ақтаудың «Каспий» клубын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өткен турда «Астана» Түркістанда «Тұранмен» 2:2, «Каспий» өз алаңында «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең түскен болатын.
Бүгінгі кездесуде елордалық клуб жеңіске жетуге бар күшін салды. Ойын басынан қарсылас команда қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 17-минутта Макс Эбонг мергендігімен көзге түсті. Ал 46-минутта Марин Томасов пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Кездесуде «Астана» қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Аталған жеңісінен кейін елордалық клуб турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ, бүгін екінші турда тағы екі ойын өтті. Өз алаңында «Тараз» Петропавлдың «Қызылжарымен» 0:0 есебімен тең түссе, Қызылорданың «Қайсары» Алматының «Қайратына» 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Енді 20 наурызда 14.00-де «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тұран» (Түркістан), 16.00-де «Ақжайық» (Орал) мен «Атырау», «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ордабасы» (Шымкент), 19.00-де «Ақтөбе» мен «Тобыл» (Қостанай) командалары кездеседі.