19 ақп, 2021 сағат 13:27

Футбол: «Ақжайық» командасына жаңадан бес ойыншы алынды

Премьер-лигада өнер көрсететін «Ақжайық» командасына жаңадан бес ойыншы алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақжайық» футбол клубының директоры Азамат Шайхының мәлім еткеніндей, олардың екеуі – Оралда аяқдоп әліппесін бастаған Еркін Тапалов пен Мейрам Сапанов. 

Жартылай қорғаушы Е.Тапалов «Ақжайық» сапында 120 матч өткізіп, 1 гол соқты.

Кезінде Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылған Еркін премьер-лигада 98 ойында алаңға шықты. «Ақжайыққа» қайтып оралғанға дейін «Шахтер» (Қарағанды), «Жетісу» (Талдықорған), «Каспий» (Ақтау) командаларында топ тепті. 

Тәжірибелі қорғаушы, кезінде оралдық клубтың капитаны болған М.Сапанов «Ақжайық» құрамында 268 кездесуде 14 голдың авторы атанды. Соңғы екі маусымда «Жетісудің» намысын қорғады.

 

Жаңадан алынғандардың үшеуі – ресейліктер. «Ақжайықпен» келісімшартқа 23 жастағы жартылай қорғаушы Евгений Яцкий қол қойды. Самара футболының түлегі соңғы екі маусымды «Акронда» (Тольятти) өткізді. 

Тағы бір жартылай қорғаушы, 25 жастағы Сослан Такулов «Сатурн» (Раменское), «Слуцк» (Слуцк) клубтарында ойнаған. 2020 жылы қарағандылық «Шахтер» командасы сапында 16 матч өткізді.

«Краснодар» клубында 2013 жылы кәсіби спорттық жолын бастаған жартылай қорғаушы Марат Бураев та 25 жаста. Ол әр жылдары армениялық «Пюник», белоруссиялық «Слуцк» командаларында ойнап үлгерді. 

«Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында басқа да футболшыларды қарап жатырмыз. Негізінен жергілікті ойыншыларға үміт артатын боламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Азамат Шайхы.