06 ақп, 2021 сағат 23:14

Футбол: «Ақтөбе» клубына жаңадан үш ойыншы алынды

Өткен жылы премьер-лигаға қайта оралған «Ақтөбе» клубына жаңадан үш ойыншы алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақтөбе» футбол клубынан мәлім еткендей, Юрий Перцух, Еркебұлан Нұрғалиев және Дидар Жалмұқанмен келісімшартқа қол қойылған. 

Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Юрий Перцух – алматылық ЦСКА командасының түлегі. «Бәйтерек», «Қызылжар» және «Ақжайық» командаларында доп тепкеннен кейін ел чемпионы «Астанаға» алынды. Елордалық клуб сапында 44 ойын өткізіп, үш голдың авторы атанды. 2018 жылдан бері ұлттық құрамаға шақырылып келеді.

Семейде туып-өскен тағы бір жартылай қорғаушы Еркебұлан Нұрғалиев «Ертіс», «Оқжетпес», «Ақжайық», «Шахтер» және басқа командаларда ойнады. Соңғы клубы – ақтаулық «Каспий».

Шабуылшы Дидар Жалмұқан өзінің туған командасына қайтып оралды. Ол 2015 жылы «Ақтөбенің» негізгі құрамына шақыртылып, екі маусымда 57 матчта 10 гол соқты. 2017 жылы 20 жастағы Д.Жалмұқан «Астанаға» шақырту алғанымен, бір жылдан соң «Ақтөбеге», кейін «Атырауға» жалға берілді. Соңғы маусымды «Астана» құрамында өткізді.

Қазіргі кезде «Ақтөбе» басқа клубтар сияқты Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде.