27 шіл, 2020 сағат 13:10

Фтизиатр коронавирус пен пневмонияны қалай ажырату керектігін айтты

Алматыда өткен онлайн сұхбат барысында Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, фтизиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов коронавирустық пневмонияны басқа пневмониядан қалай ажыратуға болатындығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адам өкпесі қабынып жатқанын білмеуі де мүмкін. Себебі өкпенің басты функциясы - газ алмасу процесі. Өкпеде жүйке талшықтары болмайды. Сыртқы қабығында ғана жүйке талшықтары орналасады. Ал қабыну интерстициалды тінде болады. Өкпенің тіршілік көлемі деген түсінік бар. Ол 3-5 литр болады. Әдетте жай адам өкпесінің 50 пайыз ғана мүмкіндігін қолданады. Ал спортшылар, әншілер 100 пайыз мүмкіндігін пайдаланады. Сондықтан, өкпенің қабынып жатқанын кей адамдар сезбеуі де мүмкін. Тек алқынып, тыныс алу мүмкіндігі азайғанда ғана адам пневмония екенін түсінеді», - деді ол.

Дәрігер маман коронавирустық инфекцияның таралуын тежеу үшін бірқатар салт-дәстүрімізден бас тартуға тура кеп тұрғанын айтты. 

«Қазақстанда қазір індетті азайту үшін бірқатар қатаң шараларды қолға алуға тура келіп тұр. Салт дәстүр, ғұрпымызды қайта қарастыруға тура келді. Жақсысын алып, жаманын тастау керек болды. Әлеуметтік желіде жылт еткенді сатып алуға қажеттілік жоқ. Салауатты өмір салтын ұстану керек. Бізде адамдар ас мәзіріне көңіл бөлмейді. Тез дайын болатын, майлы, қуырылған тамақтарға бейімбіз. Ауыру кезінде сұйық тамақты көп пайдаланып, пайдасы зор, витаминдер ішкен дұрыс. Көбірек жеміс-жидек, көкөніс жеу керек. Сіз сақтансаңыз, жақындарыңызды сақтасаңыз, ел болып індетті жеңетін боламыз», - деді пульмонолог маман.