Фристайл-могулдан АҚШ-та өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінде қазақстандық спортшылар финалдық жарыста өнер көрсетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Әйелдер арасында ақтық сынға Юлия Галышева өткен болатын. Ол алғашқы финалдық кезеңде 78,90 ұпай жинап, ақтық сынға өткен алты спортшының қатарына енген еді. Ал басты финалда Галышева секіру элементтерінің бірінен қате жіберіп, 77.31 ұпаймен 5-інші орынға тұрақтады.
Әйелдер бәсекесінде франциялық Перрин Лаффон топ жарды. Оның еншісінде 83,23 ұпай бар. Екінші және үшінші орынды жапониялық спортшылар Анри Кавамуро (80,94) мен Кисара Сумиоши (79,55) иеленді.
Ал ерлер арасында басты финалға жолдаманы Дмитрий Рейхерд жеңіп алды. Өкінішке қарай, қазақстандық споршы шешуші сәтте қателікке бой алдырып, 74,19 ұпаймен 6-ыншы орын иеленді.
Бұл бәсекеде канадалық Микаэль Кингсбери (88,10) жеңіске жетті. Екінші орында франциялық Бенджамен Кавэ (86,25), үшінші сатыда австралиялық Мэт Грэм (84,44).
Айта кетейік, квалификацияны Қазақстанның тағы бір спортшысы – Павел Колмаков өткен болатын. Алайда ол басты бәсекеге жолдама ала алмады. Ол жарысты 9-ыншы орынмен аяқтады.