28 сәу, 2022 сағат 10:39

Франция президенті халықпен кездесуінде күтпеген жағдай болды


Франция президенті Эммануэль Макрон Париж маңындағы Сержи муниципалитетіне сапары барысында күтпеген жағдай болды. Сайлаушылар ел президентіне қызанақ лақтырып жіберген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі BFMTV телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға 27 сәуірде базарда болған. Саясаткерді жергілікті тұрғындар қоршап алған. Бір кезде белгісіз біреулер президентке бірнеше қызанақ лақтырып жіберген. 

Күзетшілер бірден президентті қорғай бастаған. Видеода белгісіз біреулер Макронға қызанақ лақтырып жібергеннен кейін біреу орыс тілінде: "Мужики! Мужики!" деп айғайлағаны естіледі.

Телеарна мәліметінше, бұл Макрон 24 сәуірде қайтадан президент болып сайланғаннан кейінгі халық алдына алғаш шығуы болған. 

Еске салайық, Франциядағы биылғы президент сайлауында Эммануэль Макрон жеңіске жеткен болатын. Оның қарсыласы Марин Ле Пен жеңілгенін мойындады.

Жексенбі, 24 сәуірде елде президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Франция ішкі істер министрлігінің мәліметінше, дауыстардың 80 пайызын санағаннан кейін Макрон 54,81 пайыз, Ле Пен 45,19 пайыз дауыс жинады. Бірқатар мемлекет басшысы Макронды жеңісімен құттықтады.