ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов Ботай мәдениетіне қатысты қызықты деректермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жылқы алғаш рет Ботай жерінде қолға үйретілді. Аталған факт ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бірақ жылқының алғаш рет қай жерде қолға үйретілгеніне қатысты ұзақ жылдар бойы дау-дамайлар болды. Бүгінде бұл мәселеге нүкте қойылды деуге болады. Мәселен, былтыр мен Парижде болдым. Ол жақта менің ұлым жұмыс істейді. Эйфель мұнарасы жанында адам тарихы музейі бар екен. Мені соған алып барды. Бірақ нені көрсететінін айтқан жоқ. Сөйтсе, ол жерде домалақ бір зал бар. Онда адамзаттың ең маңызды деген 10 жаңалығы көрсетілген. Соның ішінде жылқыны қолға үйрету де бар. Ал Ботай мәдениеті жылқыны алғаш рет қолған үйретілген жер деп француз тілінде жазылған», - деді С.Әбдірахманов Астанада өткен жиында.
Депутат француз тіліндегі жазудың аудармасын да оқып берді. Ол жердегі стендте былай жазылған: «Ботай мәдениеті Орталық Азияның дала мен алқаптарының қиылысында орналасқан. Дәл осы жерде біздің эрамызға дейінгі IV мыңжылдықта адам алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Ол жердегі адамдар жартылай көшпелі шаруашылықты жүргізді. Соның іздері көлдердің айналасынан табылған. Олардың ағаш лашықтары сол кездегі Еуропа үйлеріне ұқсайды. Ал ою-өрнегі бар керамиканы неолитке дейін қолданды. Шағын тас саймандары да болды». С.Әбдірахмановтың айтуынша, Париждің қақ ортасында тұрған аталған жазудың өзі әлемнің Ботай мәдениетін мойындап отырғанын көрсетсе керек.
«Ботай мәдениетін Виктор Зайберт ашты. Негізі, атауы басқаша аталып кетуі де мүмкін еді. Мәселен, Ботай мәдениеті емес, Никольский мәдениеті делінуі де мүмкін еді. Өйткені, өзеннің арғы жағында Никольский деген шағын ауыл бар. Бірақ Зайберт өте ақылды адам болған. Қазақстандағы жаңалығын Никольский мәдениеті деп атаса, оны басқа жерлермен шатастыруы әбден мүмкін. Өйткені Никольский мәдениеті Тувада, Якутияда немесе Мурманскіде болуы ықтимал. Сондықтан ғалым жақын жатқан Никольскийді емес, Ботай ауылының атауын алды. Ботай деген кісі Абылай ханның кезінде үлкен батыр болған», - деп атап көрсетті С.Әбдірахманов.