17 нау, 2018 сағат 09:43

Forbes тізіміне енген миллионер ОҚО-да зорланды делінген баланың тағдырына араша түсті

Қазақстандық белгілі кәсіпкер, "Ана үйі" қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаев Оңтүстік Қазақстан облысында жабылып зорлау әрекетінің құрбаны болған жеті жастағы ұл баланың күшейтілген күзетпен, қауіпсіз жерде екенін айтты. Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазды.

"Енді бала қауіпсіз жерде, ол анасымен бірге біздің "Ана үйінде" күшейтілген күзетпен!! Жат қылықты тәтеден әрең алып кеттік..., неге екені, оған Астанада көмек көрсетілген және ОҚО полицейлері баланы бермеген! Аружан Саин жарады", - деп жазды Рақымбаев 16 наурызда кешке. 

Айдын Рақымбаев -  BI Group құрылыс компаниясының акционері және төрағасы.

Айта кетейік, баланың анасы мемлекеттік қамқорлықтан бас тартып, тәуелсіз сараптама жасау үшін ұлын Алматыға апаруға шешім қабылдады. ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Бәлиеваның айтуынша, анасының баласына қатысты барлық құқығы бар.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Желіде ОҚО-ның Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында жеті жасар бала зорланды деген ақпарат тараған. Баланы жабылып зорлағандар жоғары сыныптың оқушылары болуы мүмкін. Қазір бұл оқиға қызу талқыланып жатыр. Сонымен қатар, бірнеше полицей қызметінен босатылды. Бұл істі Бас прокуратура өз қолына алды.