Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясы жуық арада әуе билеттерін сатуды бастайды, деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Эйр Астана» авиакомпаниясымен бірлесіп, Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясын іске қосу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«2019 жылдың 29 наурызында әуе компаниясының коммерциялық рейстеріне билеттер сатылымы басталады деп жоспарланып отыр. Қазақстанның Fly Arystan авиакомпаниясы 2019 жылдың мамырынан бастап коммерциялық рейстерді орындайды деп күтілуде. Әуе компаниясы Алматыдан Астана, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Тараз қалаларына күнделікті ұшатын болады. Жоспарға сәйкес, бастапқы кезеңде компанияның әуе флоты «Эйр Астана» әуекомпаниясының 180 орындық эконом-класты Airbus A320 ұшақтарынан құралмақ. 2022 жылдың соңына қарай лайнерлердің саны 15-ке жетеді», - делінген комитеттің хабарламасында.
Лоукост тасымалдағыштардың дәстүрлі авиакомпаниялардың бизнес-моделінен басты айырмашылығы - шығындарды барынша азайтуы. Әуе билеттерінің құнын арзан бағамен төмендетуге бірнеше факторлар арқылы қол жеткізіледі. Атап айтқанда, әуе кемелерінің жоғары сыйымдылығы, интернет арқылы билет сатып алу, әуе компаниясының жолжүк бағасын белгілеу құқығы, туристік агенттіктерге комиссиялардың берілмеуі, қосылыс рейстерінің болмауы, кемедегі бірыңғай орындықтар, әуе кемесінің минималды экипажы, әуе кемелеріне жердегі қысқа мерзімде қызмет көрсету, барлық қосымша қызметтерді (багаж, борттағы тамақ немесе кабинадағы орынды таңдау және т.б.) ақылы ету, жаңа әуе кемесінен тұратын ұшақ паркі, олардың барынша бірдей болуы мен электронды билетпен ғана қамтамасыз ету амалдары арқылы әуе билетінің құнын арзандату жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, осы жылдың қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында төмен бюджетті Fly Arystan ұлттық авиакомпаниясы іске қосылатынын мәлім еткен болатын.