09 қаз, 2024 сағат 18:20

Флоридада Милтон дауылы қауіп төндірді: қазақстандық студенттерге ескерту жасалды


Флорида штатының тығыз орналасқан Тампа аймағына "Милтон" дауылының қаупі төніп тұр, бұл жағдай штат тарихындағы ең ауқымды эвакуациялардың бірін тудырды, деп хабарлайды The New York Post.

Мәліметтерге сәйкес, 5 миллионнан астам адам эвакуациялауға шақырылды. Флорида тұрғындары биліктің кеңесін тыңдап, дүйсенбі күні эвакуацияға кірісті. Жолдардағы қозғалыс қалыпты жағдайдың 150 пайызына жетіп, сейсенбі кешке қарай ғана реттелді. Дегенмен, штаттан кетуге асыққан америкалықтардың көліктерімен көптеген жолдар толып тұрды. Милтон дауылы сәрсенбі кешке немесе бейсенбі таңертең Тампа шығанағының осал аймағына жетеді деп болжануда.

Бұл аймаққа бір ғасырдан астам уақыт бойы дауылдың тікелей әсері болмағаны айтылған. Эвакуациялау туралы нұсқаулар адамдарды жойқын желден емес, дауыл толқынынан қорғауға бағытталған. Флориданың қатаң құрылыс нормаларының арқасында жаңа ғимараттар қатты дауылдарға шыдай алады, бірақ тұрғындар электр қуатынан, судан және басқа да қызметтерден айырылуы мүмкін.

X әлеуметтік желісінде қолданушылар штаттағы көлік кептелістері, босап қалған көшелер мен Милтон дауылының әсері туралы видеоларды белсенді түрде таратып жатыр.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ өкілдері өздерінің Telegram арнасында пікір білдіріп, қазіргі уақытта Флорида университеттерінде – Florida State University, University of Florida, University of South Florida және University of Miami – білім алып жатқан 31 стипендиаттың өз үйлерінде екенін мәлімдеді. Университеттер уақытша жабылып, оқу процесі тоқтатылған.

Барлық стипендиат жақындап келе жатқан дауыл туралы алдын ала ескертілген және кураторлар олармен тұрақты байланыста.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Тукушеваның айтуынша, жағдай күрделенсе, шұғыл шаралар қабылданады, қазір жағдай тұрақты. Барлық стипендиат қауіпсіздік шараларын сақтап, жедел ақпарат алу үшін байланыста болуға тиіс.