ҚР бокстан қыздар ұлттық құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпова мен Кристина Хаммердің Қазақстан атынан Олимпиада ойындарында өнер көрсеткісі келеді деген әңгімеге нүкте қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Бокс федерациясының мәліметінше, Вадим Присяжнюк аталған боксшы қыздарды еліміздің қыздар ұлттық құрамасының сапына кіріп, алдағы уақытта өтетін жарыстарға қатысуға ұсыныс жасаған.
«Егер адам бір нәрсе жасағысы келсе, онда сөзден іске кіріседі. Біз Фируза Шәріпованы бірнеше мәрте шақырып, Кристина Хаммердің туыстарына қоңырау шалдық. Оларды Қазақстанға келіп, өздерін көрсетуін өтіндік. Алайда, оларға мұны жасауға әйтеуір бір жағдайлар үнемі кедергі болып келеді. Енді Қазақстан Бокс федерациясының атынан және бас бапкер ретінде Шәріпова мен Хаммерді Қазақстанға келіп, мамырда Шымкентте өтетін республикалық спартакиадаға немесе шілдеде Нұр-Сұлтанда өтетін Президент кубогына қатысуға шақырамын. Жан-жақты жәрдем көрсетуге уәде беремін. Токио Олимпиадасына аз уақыт қалды, әрекет ету қажет. Не болмаса бұл мәселеде пиар жасауды доғарып, соңғы нүкте қою керек», - деді В.Присяжнюк.
Айта кетейік, 2019 жылдың басында WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Кристина Хаммер мен кәсіби бокста бірнеше белбеуге ие болған Фируза Шәріпова Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан жарыс жолына шығуға ниетті екендіктерін мәлім еткен болатын.
Шәріпованың менеджерінің ақпаратына қарағанда, Фирузаға басқа мемлекеттің туы астында Олимпиада ойындарында жарыс жолына шығуы үшін миллион доллар ұсынылған. Бірақ, спортшы мұндай ұсыныстан бас тартқан.
60 келі салмақ санатына дейін бокстан қыздар құрамасының көшбасшылары, әлем чемпионатының жүлдегерлері Карина Ибрагимова мен Айжан Қожабекова және еуропалық турнир чемпионы Римма Волосенко да Фируза Шәріповаға видеоүндеу жолдап, Қазақстанға шақырды.
«Фируза, біз сені құрметтейміз және кәсіби боксқа ауысу шешіміңді де қолдаймыз. Сені спартакиадада күтеміз, Президент кубогы да өтеді. Келіп өзіңнің бізден мықты әрі үздік екеніңді дәлелде», - дейді боксшы қыздар үндеулерінде.