Фото: видеодан скриншот
Филадельфияның солтүстік-шығысында әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай медициналық эвакуацияға арналған ұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды BBC.
Санитарлық авиация қызметін ұсынатын компанияның мәліметінше, апатқа ұшыраған Learjet 55 ұшағында төрт экипаж мүшесі, педиатриялық бөлімнен бір науқас және жолсерік болған.
"Қазіргі кезде біз тірі қалғандардың бар екенін растай алмаймыз", — делінген Jet Rescue Air Ambulance мәлімдемесінде.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Roosevelt Mall жанында зардап шеккендер көп — апат жергілікті уақыт бойынша сағат 18:30–да болған.
Бейнежазбадан ұшақтың жерге құлап, жарылғанын көруге болады.
Филадельфия мэрі Шерелл Паркер оқиға орнында өткізген баспасөз мәслихатында бірнеше үй мен көліктің өртенгенін хабарлады.
Санитарлық авиация ұшағы Солтүстік-Шығыс Филадельфия әуежайынан ұшып шығып, Миссури штатындағы Спрингфилд-Брансонға бет алды. Апаттың себептері әзірге белгісіз.
БАҚ-тың хабарлауынша, ауа райы салқын және жаңбырлы, ал көріну нашар болды.