23 ақп, 2017 сағат 07:21

Фейсбук Путиннің ғаламтор бойынша кеңесшісінің парақшасын бұғаттады

Ресей президентінің ғаламторды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Герман Клименконың Фейсбуктағы парақшасы авторлық құқықты бұзғаны үшін бұғатталды. Бұл туралы dw.com хабарлады.

Фейсбук әлеуметтік желісі РФ президентінің ғаламторды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Герман Клименконың парақшасын үш күнге бұғаттаған болатын.

Бұл туралы Клименконың өзі VK әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұғаттау туралы хабарламаның скриншотын жариялады.

Фейсбук Клименконы өзге тұлғалардың авторлық құқығына нұқсан келетін материалдарды жариялағаны үшін жазалады. Кеңесшінің өзі бірнеше рет парақшасына жазбаларын жариялаған танымал блогер және аспаз Сталик Ханкишиев желі әкімшілеріне шағымданды деп есептейді.

Еске сала кетсек, бұрын Клименко Ресейдің ақпараттық қауіпсіздігі үшін қытайлық тәжірибені қолдана отырып, ресейліктердің ғаламтордағы мүмкіншіліктерін шектеу туралы ұсыныс жасаған еді.