12 нау, 2021 сағат 08:56

Facebook-те барлық полиция басшыларының жеке аккаунты ашылды - Тұрғымбаев

Бүгін Сенатта «Полицияның сервистік моделін заңнамалық қамтамасыз ету және ҚР ІІМ-ін бейінді емес функциялардан босату» тақырыбындағы Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствода атқарылған жұмысты баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысына жаңа талаптар қойды. Ішкі істер органдарын реформалауды 2019 жылы Елбасы ұсынды. Соған байланысты арнайы Жол картасы қабылданды. Біріншіден, ішкі істер органдарының штат саны 11 пайызға қысқарды. Қажет емес 1483 басқарушы лауазымдар жойылды. Екіншіден, полиция сервистік модельге көшті. «Global Peace Index» рейтингі бойынша Қазақстан қауіпсіздік жағынан 163 мемлекет арасында 70-ші орында. Ал, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері ішінде 1-ші орын алды», - деді Тұрғымбаев. 

Оның айтуынша, сауалнама аясында азаматтардың 37 пайызы полицияға толық, 38 пайызы жартылай сенетіндігі анықталды.

«Президенттің тапсырмасы бойынша «халыққа құлақ асатын мемлекет» қағидасын іске асыру үшін азаматтарды қабылдау тәртібі өзгерді. Барлық қала мен аудандарда 252 «Азаматтарды қабылдау» бекеттері құрылды. Онда құқықтық және консультативті көмек беріледі. «Жолдағы қабылдау», «Ауладағы қабылдау» акциялары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. 2020 жылы 361 мың консультация берілді, 205 мың өтініш қаралды. Әлеуметтік желілермен жұмыс күшейтілді. Фейсбукте барлық полиция басшыларының жеке аккаунттары ашылды. Осы орайда аудандық басшылардан бастап департамент басшыларына дейін қамтылды. Учаскелік инспекторлар тұрғындардың чатына қосылды. Халыққа күнде ақпарат беру үшін ведомствалық polisia.kz сайты мен телестудия іске қосылды». – деді Ерлан Тұрғымбаев.