23 мам, 2021 сағат 12:05

«Eurovision-2021» ән байқауының жеңімпазы анықталды


Италиялық Måneskin рок-тобы Евровидение-2021 ән байқауында Zitti e buoni әнін орындап, бірінші орынды иеленді, деп хабарлады РИА Новости.

Көрермендер дауысы мен қазылар алқасы ұпайының жалпы қорытындысы бойынша италиялықтар 524 балл жинап, сөзсіз жеңімпаз атанды. Олармен 25 елдің өнерпазы бақ сынады.

Måneskin рок тобының өкілдері дауыс беру нәтижесіне таңғалғанын жасырмады, олар көрермендерге алғысын білдірді.




Үздік бестікке енген өнерпаздар: Maneskin (Италия) – бірінші орын, Барбара Прави (Франция) – екінші орын, Gjon's Tears (Швейцария) – үшінші орын, Daði og Gagnamagnið (Исландия) – төртінші орын, Go_A (Украина) – бесінші орын. Олардан кейінгі орындарды Blind Channel (Финляндия), Дестини (Мальта), The Roop (Литва), Манижа (Ресей), Стефаня (Греция) қанағат тұтты.   

Еске сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылы кейінге қалдырылған Евровидение халықаралық ән байқауы 18-22 мамырда Роттердамдағы Ahoy аренада өтті.




Måneskin – құрамына вокалшы Дамиано Давид, басист Виктория Де Анжелис, гитарашы Томас Раджи және барабаншы Итан Торкио кіретін италиялық рок топ. 2021 жылы олар Zitti e buoni әнімен "Сан-Ремо" музыка фестивалінде де бірінші орынды иеленген.  


Италия соңғы рет Евровидение ән байқауында 1990 жылы жеңіске жеткен. Жалпы алғанда бұл - елдің үшінші алтыны.