Фото: Zumapress
Еурокомиссия Қытайдың Temu онлайн-сервисінің ЕО-ның сандық қызметтер туралы заңын бұзғанына күмән келтіріп отыр. Брюссель Temu платформасында жалған және қауіпті өнімдер сатылуы мүмкін деп есептейді.
Еуропалық комиссия Қытайдың арзан тауарлар сатумен айналысатын ірі интернет-сауда компаниясы Temu-ға қарсы айыппұл шарасын бастады. Брюссельде компанияның сандық қызметтер туралы ЕО заңын бұзғаны туралы күдік бар. Мәселен, платформада жалған және қауіпті өнімдердің сатылуы мүмкін екені айтылды. Бұл туралы 31 қазан күні комиссия хабарлады.
Тексеру барысында Temu интернет парақшасының дизайнына да назар аударылмақ. Сыншылар сайттың сатып алушыларды тәуелділікке ұшыратып, жоспарланбаған шығындар жасауға итермелейтінін айтуда.
Брюссель ЕО стандарттарына сәйкестендіруді талап етті
Еурокомиссия төрағасының орынбасары Маргрете Вестагер Қытай компаниясын сатылатын өнімнің ЕО стандарттарына сәйкес келіп, тұтынушыларға зиянсыз болуын қамтамасыз етуге шақырды. Германияның Экономика министрлігі мен тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастықтары Temu мен Shein сияқты арзан өнім сататын интернет-дүкендерге қатаң шаралар қабылдауды қолдап отыр.
Өз кезегінде Temu Еуроодақ билігімен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді. Компания өз тұтынушылары үшін "қауіпсіз және сенімді нарық құруды" мақсат тұтатынын атап өтті.
ЕО-ның сандық қызметтер туралы заңы 2023 жылдың тамызында күшіне енді. Бұл заң интернет-компанияларға нәсілшілдікке, есірткі саудасына, жалған өнімдерге, балалар порнографиясы мен жалған ақпарат таратуға қарсы күресуді міндеттейді. Заң бұзушылық расталса, Еурокомиссия компанияның жылдық әлемдік кірісінің 6 пайызына дейін айыппұл сала алады.