08 шіл, 2022 сағат 14:31

Еуропадан келетін рейстерде багаж беру кешігетіні ескертілді


Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы еуропалық әуежайлардан келетін рейстерде багаж берудің кешігетінін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Air Astana баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жазғы навигацияның басталуымен Еуропаның әуе айлақтары қызметкерлер жетіспеушілігіне тап болды, өйткені олар пандемия кезінде қысқарған болатын және рейстерге қызмет көрсетуде қиындықтар туындады. 

Бұл қиындықтар жолаушыларға қызмет көрсетуге де, багажды өңдеуге де байланысты.

Салдарынан соңғы бірнеше аптада түрлі авиакомпаниялардың жүздеген жолаушысы багажын бірнеше сағат күтуге мәжбүр болды.

Ал кейбір саяхатшылар әлі ала алмай келеді. Мысалы, Франкфурт әуежайында шамамен 12 мың жүк әлі берілген жоқ, оның арасында қазақстандық авиакомпания жолаушыларының багаждары да бар. 

«Әуе компаниясы еуропалық әуежайлардан, атап айтқанда Франкфурт әуежайынан келетін жолаушылардан багаж күтуде түсіністік пен төзімділік танытуды сұрайды. Жүкті тез арада жеткізу үшін бар күшімізді саламыз. Багаж мәселесі бойынша өтінішті help.airastana.com порталына жазуға болады. Air Astana еуропалық әуежайлардағы форс-мажор салдарынан туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұрайды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.