15 қар, 2018 сағат 22:38

Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Латвиямен тең түсті (Видео)

Бүгін Еуропа құрлығында Ұлттар лигасы топтық кезеңінің бесінші тур ойындары басталды. Аталмыш бәсекеде Д лигасының бірінші тобында сынға түсіп жатқан Қазақстан құрамасы өз алаңында Латвиямен шеберлік байқасты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

Топтық кезеңдегі құрамалар жағдайы туралы бұдан бұрын хабарлаған едік. Қос құраманың да екінші орынға тұрақтайтын мүмкіндігі бар болатын. Бүгінгі ойын сол сауалдың жауабын шешуі керек-тін. Сол себепті екі команданың бұл ойында тартысты бәсеке өткізетіні белгілі еді.

Ұлттық құрамалар 13 қазанда Латвияда бір ойын өткізген еді. Ол кездесу 1:1 есебімен аяқталған. Одан кейін біздің жігіттер өз алаңында Андорраны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал, Латвия өз алаңында Грузиядан  0:3 есебімен сүрінді.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов алғашқы минуттан негізгі құрамға Ненад Эрич, Ғафуржан Сүйімбаев, Сергей Малый, Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков, Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан, Серікжан Мужиков, Бахтиер Зайнутдинов, Роман Муртазаев, Бауыржан Тұрысбектерді қосты. Ал Латвия құрамасы сапында Андрис Ванин, Владислав Габов, Каспарс Дубра, Виталий Ягодински, Виталий Максименко, Игорь Тарасов, Андрей Циганик, Вячеслав Исаев, Денис Ракель, Артур Карашаускс, Валерий Шабала шықты.

Кездесу біздің құрама басымдығымен басталды. Соққылардың дені қақпа торында тулап жатса, кездесу Қазақстанның ірі жеңісімен аяқталар еді. Дегенмен қазақстандық футболшылар өз мүмкіндіктерін пайдаларына жарата алған жоқ. Құрама капитаны міндетін атқарған Бауыржан Исламханның өзі гол соғатын сәттерде мергендік көрсете алмады.

Алдағы ойыншыларға қорғаушылар да көмекке келіп жатты. Оңтайлы сәттерде олар да қарсыластар қақпашысын қапы қалдыру жолдарын іздеді. Ұлттық құрама мен Алматының «Қайрат» командасында сол қанатта ойнайтын Ғафуржан Сүйімбаев 37-минутта мергендік танытты. Қорғаушының алыстан тепкен добы қақпа торына түсті. Бұдан кейін қос құрама гол соғатын мүмкіндіктер іздеді. Бірінші кезеңді 1:0 есебімен Қазақстан жеңіспен аяқтады.  

Екінші тайм бастала салысымен Латвия таразы басын теңестіруге ұмтылды. Осылайша көздеген мақсаттарына жетті. Қарсылас команда сапынан 49-минутта Денис Ракель гол соғып, таразы басы теңестірді. Бұдан кейін алаң иелері алға ұмтылғанмен, одан оң нәтиже келе қойған жоқ. Ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Аталмыш топта бүгін тағы бір ойын болады. Сағат 01:45-те Андорра мен Грузия құрамалары шеберлік байқасады.