02 шіл, 2021 сағат 13:35

Еуропа чемпионаты: Бүгінгі ойындарды қайдан көруге болады?


Бүгін футболдан Еуропа чемпионаты ширек финалында екі ойын өткізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ширек финал ойындары 2 және 3 шілде күндеріне белгіленген. Бүгін – екі, ертең екі жұп өзара шеберлік байқасады. 

Жарыстың аталған сатысында алғашқы кездесу Швейцария мен Испания құрамалары арасында болады. Ойын елорда уақытымен 21.50-де басталып, «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Кездесу Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Газпром-арена» стадионында өткізіледі. Ойында англиялық Майкл Оливер бас қазы қызметін атқарады. 

Екі құрама бұған дейін 24 мәрте кездесті. Оның 18-де Испания басым түсіп, 1-де Швейцария жеңсе, қалғанында тең есеп тіркелді. 2010 жылдың 16 маусымында әлем чемпионаты финалдық сатысында Швейцария аталған қарсыласынан 1:0 есебімен жеңілген болатын. 

Еске салсақ, жарыстың 1/8 финалында Испания Хорватияны, Швейцария Францияны орта жолда қалдырып кетті. 

Бүгінгі тағы бір кездесуде Бельгия мен Италия құрамалары жасыл алаңға шығады. Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Ойын Германияның Мюнхен қаласындағы «Альянц-арена» стадионында өткізіліп, онда словениялық Славко Винчич бас төреші қызметін атқарады. 

Екі құрама бұған дейін 22 мәрте кездесті. Оның 4-де Бельгия басым түсіп, 14-де Италия жеңсе, қалғанында тең есеп тіркелді. Соңғы рет Бельгия Италияны 2015 жылдың 13 қарашасында жолдастық кездесуде 3:1 есебімен жеңген болатын. 

Сондай-ақ, жарыстың аталған сатысында 3 шілдеде Чехия мен Дания, Украина мен Англия құрамалары кездеседі. 

Айта кетейік, 1/8 финалда Бельгия Португалияны, Италия Австрияны орта жолда қалдырып кетті.