24 ақп, 2026 сағат 13:18

Олимпиада чемпионы Михаилдың әкесіне автокөлік сыйға берілді


Фото:Getty images

2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың әкесі Станислав Шайдоровқа су жаңа Audi Q8 автокөлігі сыйға берілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қымбат сыйлықты inDrive сервисінің негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский тарту етті. Бұл туралы ол 13 ақпанда Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Мен Audi Q8 көлігін Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі, оның алғашқы жаттықтырушысы және осы жеңістің бастауында тұрған Станислав Шайдоровқа сыйладым. Михаилдың өнер көрсетуі – Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді тәнті еткен тарихи сәт. Алайда бұл жетістіктің артында жылдар бойғы еңбек, тәртіп пен үлкен құрбандық жатыр», – деп жазды Арсен Томский.


Айта кетейік, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Миланда өткен жарыста Михаил Шайдоров тарихи жеңіске жетіп, чемпион атанды.

Станислав Шайдоров – бұрынғы кәсіби мәнерлеп сырғанаушы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және ұлының алғашқы бапкері. 2018 жылы ол Михаилдың спорттық мансабын жалғастыруы үшін өз автокөлігін сатып, қаражатын ұлының Сочиге қоныс аударуына жұмсаған. Сол жерде Михаил Олимпиада чемпионы Алексей Урмановтың жетекшілігімен жаттығуын жалғастырды.