Фото: bronntravel.com.ua
«Туристік Қамқор» корпоративтік қоры Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға байланысты қазақстандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Бірқатар елден туристерді қайтару қиынға соқты. Біріккен Араб Әмірліктерінде 2,5 мыңнан астам қазақстандық қалып отыр, олардың бәрі туркодпен тіркелген. Бұл адамдар қонақүйлерге орналастырылды, ешкім далада қалған жоқ», – деді «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының директоры Асылхан Есілов.
Оның мәліметінше, Сауд Арабиясында 200-ден астам турист сапарда, бәрі қонақүйлерде қауіпсіздікте.
«Қатарда 1 мыңнан астам турист тіркелген. Туркодпен барғандар үшін қолайлы жағдай жасалған және олардың жағдайы тұрақты бақылауда», – деді Асылхан Есілов.
Сонымен қатар ол әуе компаниялары өз міндеттемелерін орындауға дайын екенін, бірақ әуе қатынасындағы тәуекелдер әлі де бар екенін атап өтті.
«Туристік Қамқор» дерегінше, туркодпен сапарлаған туристер қонақүймен қамтамасыз етіледі, ал жеке күшімен барғандарға бұл жеңілдіктер қарастырылмаған.
Естеріңізге сала кетейік, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары Таяу Шығыс елдерінде және одан тыс аймақтардағы әуе қатынасын қиындатқан еді.
