Фото ашық дереккөзден
Тараз қаласындағы мектеп-гимназияда сабақ арасындағы үзіліс кезінде жоғары сынып оқушылары арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан, деп хабарлайды Ult.kz.
Әлеуметтік желілерде оқиға сәті түсірілген видео тараған. Білім басқармасының мәліметінше, жанжал салдарынан бір оқушы ауыр жарақат алған. Оған мектептің медициналық кабинетінде алғашқы көмек көрсетіліп, кейін жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер жасөспірімге шұғыл операция жасаған. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқушының сол көзіне ауыр зақым келген.
«Негізгі диагноз – сол жақ көз алмасының ауыр жарақаты. Ота жасалды. Жалпы жағдайы орташа ауыр. Ауруханаға түскен сәтте де, операциядан кейін де сол көздің көру қабілеті нөлге тең болды», – делінген ресми мәліметте.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, күдікті оқушыны уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары барлық қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін, сондай-ақ ата-аналардың тәрбиелік міндетін орындау мәселесі де қаралатынын мәлімдеді.
