19 сәу, 2026 сағат 13:36

Щучинскідегі жарылыстан қаза тапқандар саны 12-ге жетті


Бейнеден алынған кадр


Щучинскідегі дәмханадағы жарылыстан кейінгі қайғылы оқиға әлі де жалғасып жатыр. Ауыр жарақат алған тағы бір адам көз жұмып, құрбандар саны 12-ге жетті, деп хабарлайды Ult.kz.


Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс пен өрттен зардап шеккен тағы бір адамның қайтыс болғаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқас Астанадағы ауруханалардың бірінде көз жұмған.


Ер адам санитарлық авиация арқылы жеткізіліп, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқан. Алайда ауыр күйік пен тыныс алу жолдарының зақымдануына байланысты есін жимастан қайтыс болды.


Еске салайық, қайғылы оқиға 26 ақпан күні кешкі уақытта болған. Щучинскіде бес қабатты тұрғын үйге тіркелген бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласқан. Алғашында 7 адамның қаза тапқаны хабарланған еді, кейін бұл сан 11-ге жеткен.


Қазіргі мәлімет бойынша, құрбандар саны 12 адамға жетіп отыр.


Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі – “өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу” бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Ақмола облыстық прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады. Тергеу барысында жарылысқа дейінгі жағдайлар мен жауапты тұлғалардың әрекеті жан-жақты тексерілуде. Бұған дейін дәмхананы жалға алушы өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапты тұлға ретінде күдікті деп танылған.


Қайғылы оқиғадан кейін қоғамда “қауіпсіздікке кім жауапты?” деген басты сұрақ туындады. Прокуратура мәліметінше, нысан тәуекел деңгейі төмен санатқа жатқызылып, жоспарлы тексерулерге ілікпеген.


Сонымен қатар, дәмхана көпқабатты тұрғын үйдің іргесінде орналасқаны және 2023 жылы қайта жабдықталып, пайдалануға берілгені белгілі болды.