Фото: ҚР ДСМ
Қарағанды облысында баланың қайтыс болуына байланысты тексеріс басталды. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайдың күрделі медициналық себептермен байланысты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Қарағанды облысында баланың қайтыс болу дерегі бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Ресми мәліметке сәйкес, бала ауру басталғаннан кейінгі екінші тәулікте инфекциялық орталыққа жатқызылған. Жағдайы күрт нашарлап, кейін реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылған.
Тексеру барысында науқаста бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ текті қоздырғыштар қатар кездескен аралас инфекция анықталған. Мамандардың айтуынша, дерттің ауыр өтуіне айқын иммун тапшылығы мен туғаннан бастап вакцинацияның болмауы әсер еткен. Бұл ағзаның инфекцияға қарсы тұру қабілетін әлсіретіп, емнің тиімділігін төмендеткен.
Дәрігерлер медициналық көмектің толық көлемде, қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілгенін хабарлады. Емдеу тактикасы бірнеше мәрте республикалық деңгейдегі консилиумдарда қаралып, оған жетекші балалар инфекционистері, пульмонологтар мен реаниматологтар қатысқан.
Сондай-ақ экстракорпоральдық мембраналық оксигенация (ЭКМО) әдісін қолдану мүмкіндігі талқыланған. Алайда науқастың жағдайын ескере отырып, бұл тәсілді пайдалану ұсынылмаған.
Қарқынды терапия жүргізілгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Министрлік мұндай жағдайлардың медициналық тұрғыдан аса күрделі екенін атап өтті. Ауыр инфекция, иммун тапшылығы және вакцинацияның болмауы қатар келгенде, тіпті уақтылы көрсетілген емнің өзі нәтижесіз болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмектің сапасын бағалау үшін тәуелсіз сарапшылар тартылып, қосымша тексеру жүргізілмек. Құзырлы орган қоғамды тек ресми ақпаратқа сүйенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.
